Фото: diapazon.kz
14 жастағы мектеп оқушысы Нұржан Сыдықтың қаза болуына қатысты іс бойынша облыстық сот үкімді өзгертті: бұған дейін колонияға жіберілген үш сотталушы босатылып, жазалары шартты жазаға ауыстырылды. Бұл туралы Ult.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Қайғылы оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде Қопа ауылында болған. Жоғары сынып оқушылары тоғызыншы сыныпта оқитын балаларды ұрып-соққан. Бұған «үлкендерді сыйламайды» деген желеу түрткі болған. Төбелестен кейін Нұржан Сыдық оқиға орнында көз жұмды, оның денесі ауыл шетіндегі ескі моншаның маңынан табылған.
Сотқа 17 жастағы алты жасөспірім тартылды. 2025 жылдың қазан айында бірінші сатыдағы сот үкім шығарып, үшеуіне бұзақылық үшін бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаса, тағы үшеуі бұзақылық және абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру баптары бойынша колонияға жіберілген еді.
Нақты жазаға сотталғандар да, жәбірленуші тарап та шағым түсірді. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қайта қарап, жазаны жеңілдетті: бас бостандығынан айыру жазасы шартты жазаға ауыстырылды. Сотталғандар бостандыққа шықты, алайда белгіленген шектеулермен бақылауда болады.
Облыстық соттың баспасөз қызметі шешім қабылдау кезінде кінәні мойындау, өкініш білдіру, жәбірленушілермен жасалған медиациялық келісім, сондай-ақ қаза тапқан оқушының туыстарының жазаны жеңілдетуді өздері сұрағаны ескерілгенін түсіндірді.
