09 нау, 2021 сағат 15:21

Ұлттық банк теңгенің бір апта ішінде әлсіреу себебін түсіндірді

ҚР Ұлттық банкі 2021 жылғы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолуды жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша 5 наурызда теңгенің нарықтық бағамы апта ішінде 0,6%-ға (417,02-ден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 419,66 теңге деңгейінде қалыптасты. 

«Сыртқы валюта нарығында 2021 жылғы 26 ақпан – 5 наурыз аралығындағы кезеңде дамушы елдер валюталарының көпшілігінің серпіні теріс болды. АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің өсуі және АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы АҚШ ФРЖ басшысының түсініктемелері аясында жалғасты. Джером Пауэлл ынталандырушы ақша-кредит саясатын ұстанатынын растады, бірақ кірістіліктің өсуіне алаңдаушылық танытпады. АҚШ Сенаты $1,9 трлн мөлшерінде ынталандыру пакетін мақұлдады. Ақпанда АҚШ-тағы еңбек нарығы туралы есеп талдаушылардың күткенінен асып түсті: құрылған жұмыс орындарының саны 379 мың болды, жұмыссыздық деңгейі 6,2%-ды құрады», - делінген ҰБ мәліметінде. 

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні төмендегідей қалыптасты:

- Үнді рупиясы қор нарығына капиталдың әкелінуі аясында 0,6%-ға (73,47-ден 73,03-ке дейін) нығайды;

- Ресей рублі мұнай бағасының өсуі аясында 0,3%-ға (74,57-ден 74,34-ке дейін) нығайды;

- Индонезя рупиясы АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің ұлғаюы және борыш нарығынан капиталдың әкетілуі аясында 0,5%-ға (14 235-тен 14 300-ге дейін) әлсіреді;

- Түрік лирасы ақпанда инфляцияның 15,6%-ға ж/ж дейін қарқын алғаны туралы деректер аясында мөлшерлемені арттыру шараларына қарамастан 1,3%-ға (7,43-тен 7,53-ке дейін) әлсіреді;

- Бразилия реалы нақты тұрақтылыққа (Сенат 7,8 млрд доллар көлеміндегі әлеуметтік көмек топтамасын мақұлдады), АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуіне және 2021 жылы экономикалық өсудің бәсеңдегені туралы белгілерге байланысты қауіптену аясында 1,4%-ға (5,6-дан 5,68-ге дейін) әлсіреді;

- Оңтүстік Африка ранды борыш нарығынан капиталдың әкетілуі аясында 1,6%-ға (15,12-ден 15,36-ға дейін) әлсіреді;

- Мексика песосы АҚШ доллары бағамының нығаюы және инвесторлардың электр энергетикасына мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейтін даулы заң жобасына қатысты қауіптенуі аясында 2,2%-ға (20,86-дан 21,31-ге дейін) әлсіреді.