27 мам, 2020 сағат 09:27

Ұлттық кеңес мүшесі «ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын» енгізуді ұсынды

Қазақстандағы ЖОО-ларды мемлекеттік және жеке деп бөлмей, жақсы және жаман деп бөлу керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахметов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірінші кезекте бізге оқыту парадигмасын өзгерту керек. Жеке тұлғаны дамыту тәсіліне көшу керек. Студентке мамандықпен бірге өмірлік бағыт-бағдар бойынша білім беру керек. Патриотизмі сіңіріп, өмірге үйрету керек. Әлихан Бөкейхан айтқандай, «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден». Бізге ЖОО-лардың ашық бәсекесін дамыту керек. Ол үшін «ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілік бағдарламасын» ұсынамын. ЖОО-ларды мемлекеттік және жеке деп бөлмей, жақсы және жаман деп бөлу керек», - деді Асылбек Қожахметов Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында.

Оның айтуынша, халықаралық және ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті ЖОО-лар болуы тиіс.

Cондай-ақ, кеңес мүшесі шетелдегі қандастарға көптеп грант бөлуді ұсынды.

«Бізге қандастар үшін бөлінетін гранттардың санын арттыру керек. Себебі шеттегі қазақтарды отандық Жоғары оқу орындарына тарта білсек, оларды елде қалдыру мүмкіндіктері де арта түседі», - деді Асылбек Қожахметов.

Сонымен қатар ол Білім және ғылым министрлігінің ЖОО-ларды автономияландыру бағытындағы жұмысын қолдайтынын жеткізді.

«ЖОО-ларға автономиялық мәртебе беру – олардың жауапкершілігін арттыра түседі. Оларға барлық құзірет берілуі керек», - деді Ұлттық кеңес мүшесі.