11 қыр, 2020 сағат 10:42

«Ұлы Абай – халық жүрегінде» тақырыбында жалпыхалықтық диктант болды

ҚР МСМ Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен биылғы 8-11 қыркүйек аралығында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай тұңғыш рет еліміздің барлық өңірлеріңде «Ұлы Абай – халық жүрегінде» тақырыбында республикалық диктант жазу шарасы өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шараның мақсаты – ұлы ақын Абай мұраларын кеңінен насихаттау және жазу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету. 

«Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы аталып өтіп жатыр. Осыған байланысты елімізде әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі - бүгінгі жалпыхалықтық диктант. Диктантқа бір адамдай қатысып отырғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл диктанттың қандай мақсаты бар? Отан ортақ болғаннан кейін, тіл мен жер ортақ. Яғни, еліміздегі қандай да болсын ұлы тұлғалар да ортақ», - деді Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба. 

Осы орайда ол мемлекеттік тіл мен ұлы тұлғалар ұлтты біріктіретінін, бәрімізді тұтас ел ететінін атап өтті.

«Сондықтан бүгін баршыңыздың қатысуларыңызбен мемлекеттік тілде ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Ұлы Абай – халық жүрегінде» тақырыбында республикалық диктант жазуды қолға алып отырмыз. Абайдың шығармашылығы бәрімізге жақсы таныс. Ол ұлы адамның еңбектері ешқашан да ұлтқа бөлінбейді. Ұлы шығармашылық барлық адамзатқа тән, яғни Абай тек қазақтың ғана емес, адамзатқа ортақ ұлы тұлға», - деді комитет төрағасы.

Бұл шараға Тіл басқармалары қызметкерлері, облыстық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары, әдіскерлер, тіл мамандары және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Диктант республикамыздың әр өңірінде белгіленген күндерге сәйкес өткізілді. Диктант 145 сөзден тұрады, мәтіні Абайдың қара сөздерінен құрастырылған.