
Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова қызметкерлер мен жолаушылар үшін COVID-19-ға тестінен өткені туралы анықтаманың болуы талабын қайта қарастыру туралы Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінде біз инфекцияның жаңа түрімен күресіп жатырмыз. Осы және басқа талаптарға қатысты ұзақ дауласуымыз мүмкін. Тиісті талаптарды әзірлей отырып, біз халықаралық тәжірибені назарға аламыз. Сонымен қатар қаңтар айынан бастап өзімізде жинақталған тәжірибені де ескереміз», - деді А. Есмағамбетова онлайн баспасөз мәслихатында.
«Ұшақ мәселесіне тоқталсақ, оның салонындағы кеңістік шектеулі. Осы орайда індет жұқтыру қаупі бар. Біз осы жағдайға басқаша қарауымыз керек. Індет жұқтырған адамның жанына басқа жолаушылардың отырғысы келмейтіні түсінікті. Сондықтан біздің мақсат – ол мұндай жағдайларға тосқауыл қойып, әуе сапары кезінде жолаушылардың инфекцияға шалдығуына жол бермеу. Жағдайдың тұрақтануына қарай, біртіндеп бұл норманы біз қайта қарауымыз мүмкін. Біздің шаралар бірінші кезекте індеттің жұғуын алдын алуға бағытталған», - деді Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері.
