29 сәу, 2020 сағат 17:29

Ұшақпен ұшуға рұқсат беретін анықтама неше күнге жарамды?

Экипаж мүшелері үшін коронавирус жұқтырмағаны туралы анықтама 14 күнге жарамды. Бұл туралы Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұшақ бортында жолаушылар араға бір орындық қалдырып отырулары керек. Бұл – басты талаптардың бірі. Осыған орай ұшақ бортында орындықтардың 60%-ында жолаушылар отыратын болады. Мұның бәрі жолаушылардың қауіпсіз қашықтықты сақтаулары үшін керек. Ал билет құнының өсу-өспеуін Азаматтық авиация комитеті шешеді. Сонымен қатар коронавируспен ауырмайтынын растайтын анықтама жолаушылар үшін жеті күнге дейін жарамды», - дейді Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов. 

Ол ұшаққа отыратын балаларда да коронавируспен ауырмағаны туралы анықтама болуы керек және маска тағып отырулары қажет екенін айтты.

«Экипаж мүшелері мен бортсерік күнделікті медициналық тексерістен өтеді. Медициналық қызметшілер олардың дене қызуын өлшеп, суық тиюге қатысты ауру белгілері бар-жоғын анықтайды. Олар үшін коронавирус жұқтырмағаны туралы анықтама 14 күнге жарамды. Олар тапсыратын тест ақысын әуе компаниясының басшылары төлейді», - дейді ол.