16 сәу, 2026 сағат 11:38

Вашингтонда «Қарағанды – Жезқазған» автожолының жобасы бойынша келісімге қол қойылды

Фото: Үкімет

Қазақстандық делегацияның Вашингтонға ресми сапары барысында Дүниежүзілік банктің штаб-пәтерінде «Қарағанды-Жезқазған» автожолының құрылысын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Келісім «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасында жасалды.

Жоба көлік инфрақұрылымын дамытуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және өңірлердің байланысын жақсартуға арналған. Жаңа жол жүру уақытын едәуір қысқартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және Орталық Қазақстанның дамуына қосымша серпін береді.

Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер соңғы сатысында тұр. Жолдың ұзындығы – 457 шақырым. Қарыз сомасы – 650 млрд теңге. Биыл автожолды жобалау жұмыстары және құрылысы бастау алады.

Жоба сонымен қатар логистиканы дамытуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

"Қазіргі таңда біз АҚШ-тағы Вашингтон қаласында, халықаралық қаржы институтының бірі – Дүниежүзілік банктің офисіндеміз. Бұл кездесу кезінде бүгін Қызылорда-Қарағанды-Жезқазған жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бұл жоба, бәріне мәлім, көптен күткен жоба. Биыл күз маусымында 500 шақырымнан астам жолдың құрылыс жұмысы басталады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Дүниежүзілік банкпен тағы бір маңызды келісімшарт жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол – Бейнеу-Сексеуіл жобасы. Бұл теміржол желісі Президент тапсырмасына сәйкес, осы жылы салынуы тиіс. Биыл құрылыс жұмысы басталады.
Оның бірінші мақсаты – Қытай мен Батыстың тауар тасымалдау жолын қысқарту. Жалпы ұзындығы – 600 шақырымдай. Яғни, жаңа жоба жүзеге асырылған кезде жол қазіргі уақытпен салыстырғанда 900 шақырымға қысқарады. Осы жол арқылы Орталық Азиядан Батысқа және Қытайдан Батысқа тауар жеткізіледі. Бұл жоба жүзеге асырылғаннан кейін, жүк тасымалы көлемі кем дегенде 40%-ға ұлғаяды деп отырмыз".