03 ақп, 2020 сағат 11:55

Венгрия шаршы алаңына шығатын қазақстандық боксшылар белгілі болды

Бүгін Венгрияның Дебрецен қаласында бокстан дәстүрлі халықаралық турнир – Иштван Бошкай мемориалы басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ақпанның 8-іне дейін жалғасатын турнирге қазақстандық боксшылар да қатысады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев айтып берді.

«Бұл турнирге құраманың қосалқы құрамдағы боксшылары кетті. Негізгі құрам Токио олимпиадасына іріктеу турниріне қатысады. Қазір боксшылар қысқа мерзімге демалысқа кетті. Енді осы 16 ақпанда жиналып, 29-ына дейін қайта дайындықты пысықтаймыз. Сол үшін аталған турнирге жастарды жібердік», - деді бапкер.

Ол сондай-ақ Иштван Бошкай мемориалына қатысатын боксшылардің аты-жөнін де атады.

«52 келі салмақта - Махмұд Сабырханға, 57 келіде - Айдос Араповқа 63 келіде - Санатәлі Толтаевқа, 69 келі салмақта - Талғат Шайкенге, 75 келіде - Талғат Жакпековке, 81 келі салмақта - Нұрбек Оралбайға, 91 келіде - Айбек Оралбайға үміт артсақ, аса ауыр салмақта Дамир Тойбай ел намысын қорғайды», - деп атап өтті бас бапкер.