27 там, 2022 сағат 12:10

"WBO-да чемпион атанған тұңғыш қазақпын" - Жәнібек Әлімханұлы


Орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) ресми түрде WBO (Дүниежүзілік бокс ұйымы) нұсқасы бойынша әлем чемпионы деп танылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Титулдың бұрынғы иегері америкалық Деметриус Андраде қазақстандықпен кездесуден бас тартты. Оның орнына екінші орта салмаққа өтіп, британдық Зак Паркермен «уақытша» WBO белбеуі үшін айқасуға шешім қабылдады. Ұйым мұндай жекпе-жекке рұқсат беріп, тараптарға келіссөз жүргізуге уақыт ұсынды.

Осылайша, ұйым ережелеріне сай Жәнібек Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша орта салмақта толық құқылы әлем чемпионы мәртебесін алды.

"Qazaq Style" лақап атымен танылған отандасымыз чемпиондық атақ алғанына қатысты пікір білдіріп те үлгерді.

"Мен - WBO-да чемпион атағын алған тұңғыш қазақпын. Бұл - тарих. Мен өте бақыттымын”, – деп жазды ол желідегі парақшасында.