29 там, 2016 сағат 11:42

Юлия Исакова: Тендерді «Ұлттық баспасөз клубына» ұтқызуға тапсырма берілді

29 тамызда Астанадағы №2 Есіл аудандық сотында Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев және ұлы Әсет Матаевтардың қылмыстық ісі бойынша соттың істі қарауы жалғасты. Оларға «алаяқтық жасады және салықтан жалтарды» деген айыптар тағылып отыр.

«Қазақтелеком» АҚ-на қатысты эпизод бойынша сотқа жауап берген «Қазақтелеком» АҚ-ның бұқарамен байланыс жөніндегі қызметінің бұрынғы жетекшісі Юлия Исакова Б. Маханбетажиевтің тікелей тапсырмасы бойынша «Ұлттық баспасөз клубына» тендерді ұтқызуға тапсырма берілгенін әңгімелеп берді. «Бұқарамен байланыс жөніндегі қызметке тікелей және жалғыз Батыр Маханбетажиев басшылық етті. 2011-2012 жылдары Маханбетажиев маған тендер өткізуде «Ұлттық баспасөз клубына» барынша басымдық беріп, ұтқызуды тапсырды. Сол себептен мен менеджерлер З. Қазыбаева мен М. Уәлиханға келісім-шартта баспа БАҚ-тардың прайс-парақшасындағы бағаны емес, әлеуетті жеткізуші – «Ұлттық баспасөз клубының» тендерлік құжаттарында көрсетілген бағаны белгілеуді ұсындым. Ондағы баға басқа баспа БАҚ-дікінен жоғары болатын» деді ол сот отырысында.

Бұған қоса, Ю. Исакова С. Матаевтың туысы әрі көмекшісі, «Ұлттық баспасөз клубының» өкілі Ерлан Рамазановқа көмектескенін жасырмай айтып берді. Ол компания менеджерлеріне «Ұлттық баспасөз клубының» тендердік құжаттарын жақсылап қарап, жекелеген кемшіліктерін жоюға тапсырма беріп отырған. Сондай-ақ, Е. Рамазановты тендер өтпей тұрып, тендерлік құжаттармен және «Қазақтелекомның» бюджетімен таныстырған. Соның нәтижесінде 2011-2012 жылдары тендер өткізілмеген болып саналып, соның нәтижесінде ол Қазыбаева мен Уәлиханға қайта тендер өткізбей-ақ, «Ұлттық баспасөз клубымен» «бір көзден» қаржыландыруға келісім-шарт жасауды тапсырады. Мұндай норма мемлекеттік сатып алу тәртібіне қайшы келмейтін еді.

Ю. Исакова да баспа БАҚ-тарда жарыққа шыққан материалдарға тексеру жүргізбей-ақ, «Ұлттық баспасөз клубы» жіберген атқарылған жұмыстар туралы актілерге қолын қойған. Оның нұсқауымен жұмыс істеген менеджерлер келісім-шарттар жасалмай тұрып-ақ, «Қазақтелекомның» қызметі туралы материалдарды баспа БАҚ-тарға орналастырған. Ол сот алдындағы берген жауабында Б. Маханбетажиевтің тапсырмаларын жұмыстан босата ма деген қорқынышпен орындағанын айтты.

 Әмірлан Әлімжан