Фото: lazurkin.com
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті – 364 мың бала бітіреді. Мектеп бітірушілер саны – 217 мың. Осы орайда Ult.kz тілшісі «Биыл қандай мамандықтар сұранысқа ие?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.
Қазір жастар тұрақтылық пен келешегі бар мансапта дамуды іздейді және болашақта да өзекті болатын мамандықты таңдау туралы ойлайды. Байқасаңыз, еңбек нарығы тез өзгеріп жатыр, әрі түрлі саладағы мамандарға сұраныс артып отыр. Маңыздысы, ең жақсы мамандықты дұрыс таңдай алу керек.
Фото: qadam.asia
Педагог-сарапшы Бұлбұл Бақытқаннан заманауи, тренд мамандықтар туралы сұрадық.
Сарапшының айтуынша, Қазақстандағы еңбек нарығының даму тенденциялары бүгінде IT мамандары, экологтар және цифрлық медицина мамандары сияқты мамандықтарға сұраныс артқанын көрсетіп отыр.
«Заманауи мамандардың қатарында 2025 жылы Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар арасында бағдарламашылар және киберқауіпсіздік сарапшылары болады. Заманауи мамандықтардың рейтингін жасау кезінде тұрақтылық пен мансаптық өсуді қамтамасыз ететіндерді бөліп көрсетуге болады. Әсіресе, ІТ саласы сұранысқа ие. Оның ішінде, бағдарламашылар мен жасанды интеллек мамандары да бар. Иә, IT индустриясы Қазақстандағы және әлемдегі ең серпінді салалардың бірі болып қала береді. Бағдарламашылар, AI мамандары, деректер талдаушылары және киберқауіпсіздік сарапшылары сұранысқа ие болады. Заманауи бағдарламалау тілдерін білу және үлкен деректермен жұмыс тәжірибесі еңбек нарығындағы басты артықшылықтарға айналды. Ал бағдарламалау Қазақстанның IT индустриясындағы ең танымал мамандықтардың бірі болып қала береді. Java, Python, C++ сияқты бағдарламалау тілдерін жетік меңгерген және күрделі шешімдерді әзірлеуде тәжірибесі бар мамандар жұмыс берушілердің назарында. Бағдарламашылар жаңа бағдарламаларды, веб-қосымшаларды және цифрлық шешімдерді жасайды, бизнес-процестерді жақсартады және компаниялардың тиімділігін арттырады», – дейді Бұлбұл Бақытқан.
Сарапшының сөзінше, қазір заманауи технологияларда жасанды интеллект (AI) басты рөл атқарады. AI мамандары машиналық оқыту және терең оқыту жүйелерін әзірлейді және енгізеді. Бұл жүйелер үлкен көлемдегі деректерді талдауға, болжамдар жасауға және автономды шешімдер қабылдауға қабілетті. Машиналық оқыту инженерлері мен деректер талдаушылары үшін жұмыс орындары еңбек нарығында барған сайын қолжетімді болып отыр.
Фото: qadam.asia
«Сонымен қатар, графикалық дизайнер де жастар тарапынан сұранысқа ие саланың бірі. Графикалық дизайнер әртүрлі құралдар мен технологияларды пайдалана отырып, әртүрлі медиа платформалар, соның ішінде баспа, сандық БАҚ, жарнама және корпоративтік сәйкестендіру үшін визуалды тұжырымдамаларды жасайды. Сондай-ақ, қазір экологтар да трендке шықты деп айта аламын. Климаттың өзгеруі және тұрақты даму жағдайында Қазақстан үшін экологиялық аспектілердің маңыздылығы артып келеді. Елімізде осы сала мамандары үшін жаңа перспективалар ашатын экологиялық саясат белсенді түрде дамып келеді. Еліміздегі табиғи ресурстарды басқару саласында экологтар жер және су ресурстарын тұрақты пайдалану, биологиялық әртүрлілікті сақтау және экожүйелерді қорғау стратегияларын әзірлеумен айналысады. Тағы бір маңызды кәсіп – цифрлық медицина мамандары. Денсаулық сақтауды цифрландыру Қазақстанның медицина саласын дамытудың маңызды бағыты. Диагностикада, емдеуде және денсаулықты бақылауда заманауи технологиялар мен инновациялық тәсілдерді қолдану цифрлық медицина саласындағы мамандар үшін жаңа перспективалар ашады. Байқасаңыз, қазір барлық сала бір-бірімен тығыз байланысты. Мәселен, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдауды қолдану медицинадағы диагностикалық процестер мен шешім қабылдауды автоматтандыруға көмектеседі. Бұл кескіндердегі патологияларды тану, пациент деректеріне негізделген ауруларды болжау және денсаулық сақтауды жекелендіру үшін алгоритмдерді әзірлеуді қамтиды. Осы сияқты бір-бірімен байланысты салалар өте көп», – дейді педагог-сарапшы Бұлбұл Бақытқан.
Маманның сөзінше, табысты мансаптың басты талабы – білім алу және тиісті құзыреттіліктерді меңгеру. Ал мамандық таңдау талапкердің болашағын айқындайтын маңызды қадам. Қазақстанның еңбек нарығы ақпараттық технологиялар, экология және цифрлық медицинаға қатысты салаларда белсенді дамып жатыр. Осы салалардағы білім мен кәсіби дамуға инвестициялау табысты және пайдалы мансаптың кілті болуы мүмкін. Әрқашан сұранысқа ие болатын жұмыс орындарына IT мамандары, экологтар, цифрлық денсаулық сақтау мамандары және киберқауіпсіздік мамандары кіретінін айта кеткеніміз жөн.
Ақбота Мұсабекқызы