Фото: ашық дереккөз
Петропавл қалалық соты ФК «Қызылжар» клубының бұрынғы бас бухгалтері Ольга Замелацкаяға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Ult.kz Halyqstan телеграм арнасына сілтеме жасап.
Сот оны 7,5 жылға бас бостандығынан айырып, жалпы сомасы 367 миллион теңгеден астам қаржыны өтеуге міндеттеді.
63 жастағы Ольга Замелацкая бюджет қаражатын жымқыру және салық төлеуден жалтару баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот шешіміне сәйкес, ол клуб пайдасына 70 миллион теңге, мемлекеттік кірістер органдарына 287 миллион теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне 10,6 миллион теңге төлеуі тиіс.
Бұл сома зейнет жасындағы әйел үшін аса ауыр жүк екені айтылып отыр. Айта кетерлігі, іс аясында клубтың бұрынғы президенті Григорий Лория қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2023 жылы ФК «Қызылжар» Солтүстік Қазақстан облысының бюджетінен 1,7 миллиард теңге алған. Қаражатты бөлу кезінде есептілікте бұрмалауларға жол беріліп, шамамен 128 миллион теңге түрлі схемалар арқылы шығарылғаны анықталған. Сонымен қатар, 287 миллион теңгеден астам салық міндеттемелері әдейі төмендетілгені айтылды.
Сот барысында клуб қызметкерлері қаржы команданы ұстауға — тамақтану, әуе рейстері, медициналық қызмет пен сыйақыларға жұмсалғанын мәлімдеді. Командада жеке аспаз жұмыс істеп, тағам рационы белгіленген нормаларға сай болған. Алайда бухгалтерлік есеп заң талаптарына сай жүргізілмей, кейбір операциялар қолма-қол ақшамен рәсімделген.
Ольга Замелацкая өз кінәсін тек 10 миллион теңгеге қатысты эпизод бойынша ғана мойындап, қаражатты жымқыруға қасақана ниеті болмағанын алға тартты. Қорғау тарапы процессуалдық заңбұзушылықтарды көрсетіп, судьяға қарсылық білдіріп, клубтың бұрынғы басшылығын жауапқа тартуды талап еткен.
Соған қарамастан, сот ұсынылған дәлелдерді жеткілікті деп танып, нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
