20 жел, 2022 сағат 10:37

Жамбыл облысында ер адамды бопсалаған күдіктілер ұсталды

Фото: Polisia.kz

Жамбыл облысында ер адамды бопсалаған күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Портал мәліметінше, 6 желтоқсанда облыс орталығының 26 жастағы тұрғыны Тараз қаласының Полиция басқармасына бопсалау туралы шағымданған. Ол апта сайын екі азаматтың әшкерелеуші ақпаратты жарияламау үшін қорқыту арқылы 300 мың теңге көлемінде ақша бопсалап алып тұратынын жеткізген. Жәбірленушіден барлығы 2 млн теңге көлемінде ақша талап еткен.

"Жамбыл облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде арызданушыдан кезекті рет 200 мың теңге көлеміндегі қаражатты алу кезінде 28 және 29 жастағы жергілікті тұрғындар анықталып, ұсталды.

Осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігімен (Қорқытып алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұсталғандар кінәларын толық мойындады" - делінген хабарламада.

29 жастағы күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Ал, оның серіктесіне қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Күдіктілердің бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.