Фото: ашық дереккөз
2026 жылғы 17 ақпанда Байзақ аудандық соты өңірдің екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Сот мәліметінше, айыпталушылар 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап алдын ала сөз байласып, заңсыз пайда табу мақсатында WhatsApp мессенджері арқылы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық тауарларды төмен бағамен сату туралы хабарландырулар жариялаған. Сенімге кіру үшін алғашқы сатып алушыларға тауарды нақты жеткізіп отырған. Алайда кейіннен басқа азаматтардан тапсырыс қабылдап, ақшасын алғанымен, тауарды жеткізбеген. Алынған қаражатты өз қалауларынша жұмсаған.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан 112 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 51 288 146 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот отырысы барысында сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкініш білдірген.
Сот үкімімен ер адам 2 жыл 8 айға, ал жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.
Жамбыл облысының прокуратурасы азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде сақ болуға шақырды. Ведомство өкілдері күмәнді, бағасы тым арзан ұсыныстарға құжатсыз сенбеуге және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынды.
