02 мау, 2023 сағат 13:05

Жамбылдық полицейлер көлігін “тапшанға” айналдырған шетелдік азаматты анықтады

Фото: Polisia.kz

Жамбылдық полицейлер ішінде тапшаны бар автокөлікті анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері “Абайлаңыз, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде ГАЗель автокөлігін тоқтатқан. 

"Тексеру кезінде ерекше дерек анықталды, автокөліктің салоны отыратын тапшанға айналған. Сондай-ақ, салон ішінде 12 жолаушы болды, оның 5-еуі - бала.

Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі және 590-бабы 7-бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды" - делінген хабарламада.


Азаматтың Қазақстан Республикасында төленбеген бірнеше айыппұлы бар болып шықты және автокөлікті айдауға сотпен тыйым салынғандығы белгілі болған.

– Жүргізуші мен жолаушылар көрші мемлекеттің азаматтары екендігі және Ресейге табыс табу үшін бара жатқандығы анықталды. Олардың заңсыз қайта жабдықталған көлікпен осындай алыс жолға шыққанда не ойлағаны белгісіз. Ең бастысы, біз, дер кезінде тоқтатып, жауапсыз әрекеттің теріс нәтижесінің алдын алдық. Автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Қызмет барысында біз күн сайын әртүрлі жағдайларға тап боламыз. Құрметті жол қозғалысына қатысушылар, жол ережелерін қатаң сақтаңыздар! Бұл жолы барлығы сәтті болады немесе қорқынышты ештеңе болмайды деп ойламаңыздар. Ешкім ешнәрседен сақтандырылмаған, кез-келген уақытта кез-келген жағдай болуы мүмкін! Жолдардағы қауіпсіздік үшін әрқайсыңыз жауапты екеніңізді түсініңіздер! – дейді Жамбыл облысы ПД ППБ командирінің міндетін атқарушы Дәулетбек Жанғабылов.