03 жел, 2025 сағат 11:12

Жәнібек Әлімханұлының алдағы жекпе-жегі өтпеуі мүмкін: допинг-тест оң нәтиже көрсетті

Фото: ашық дереккөз

Орта салмақтағы IBF және WBO чемпиондық белбеулерінің иегері Жәнібек Әлімханұлы VADA (Дүниежүзілік допингке қарсы қауымдастық) жүргізген тексеріс кезінде мелдоний препаратына байланысты оң нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл ақпаратты WBO ұйымы да растады. Ұйым өкілдері қазіргі таңда ішкі тексеріс жүріп жатқанын, ал ресми қорытынды шықпайынша қосымша ақпарат берілмейтінін мәлімдеді.

Осы жағдайдан кейін боксшының осы сенбіге жоспарланған Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпеуі мүмкін. Бұл кездесуде үш чемпиондық белбеу сарапқа салынуы тиіс болған.

Спортшының өзі таза спортты насихаттап жүргенін, бірінші талдама таза шыққаннын айтты.

«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Мен таза спортты насихаттап жүргенімді де білесіздер. Жаңалықты оқып, таңғалып отырмын. VADA бірінші рет анализ алып, бәрі таза деп еді. Мен витаминдеріме де, тамағыма да ешқандай өзгеріс енгізбедім. Екінші рет тестте неге мұндай болғанын түсінбей отырмын, біз қайта анализ тапсыруға өтініш айттық. Жауабын күтіп отырмыз», - деп жазды боксшы желідегі парақшасында.