10 қаз, 2025 сағат 18:21

Жания Бекмұхамбетова Youth Contender Batumi 2025 турнирінде жеңіске жетті.


Әлемдік үстел теннисі Олимпіне тура жол салып келе жатқан жас спортшы Қостанай облысының тумасы Жәния Бекмұхамбетова. Бар болғаны 12 жаста болса да, ол тек өткен жылдың өзінде  сегіз халықаралық жарыста жеңіске жеткен. Ал биыл Жәния өз шеберлігін тағы бір дәлелдеп,  Батумиде өткен Youth Contender Batumi 2025 жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирінде жаңа жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Ult.kz Toppress.kz-ке сілтеме жасап.

2025 жылғы 18–21 қыркүйек аралығында  Грузияның Батуми қаласында өткен жарысқа Әзербайжан, Англия, Франция, Беларусь, Израиль, Қазақстан, Литва, Молдова, Польша, Солтүстік Македония, БАӘ, Болгария, Нидерланд, Үндістан, Түркия және Украинадан спортшылар қатысты.

Бұл турнирде Бекмұхамбетова U13 және U15 жас санаттарында бірдей өнер көрсетті.

«Жарыстың өзінде Жәния өз ойынын жоғары деңгейде көрсетті. Финалда ол Үндістаннан келген қарсыласы Кавья Гуптаны (Азия чемпионы ред.) жеңді. Сондай-ақ Түркиядан келген спортшы да мықты болды. Бұл қыздарды италиялық мамандар жаттықтырады, оларды әлем чемпионаттарына дайындайды», деді Қостанай облысының аға жаттықтырушысы Ғайып Данияров.


Төрттік финалда Жәния  Әзербайжан спортшысы София Трофименконы жеңді. Жартылай финалда Түркиядан келген Белинай Давусты 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ал финалда Үндістан өкілі Кавья Гуптамен кездесіп, 3:1 есебімен алтын медаль иеленді.

Айта кетсек, жас қазақстандық спортшы үстел теннисіне бар болғаны 5 жыл бұрын келген. Дегенмен ол небәрі 11 жасында Хорватияда өткен WTT Youth Contender турнирінде өз жас санатында сенсациялық жеңіске жеткен болатын.

«Өткен жылы U11 санатында әлемдік рейтингте ол барлық спортшылардың ішінде  әлемде екінші орында болды. Ендігі мақсатымыз Жәнияны жасөспірімдер Олимпиадасына дайындау, кейінірек ересектер құрамасына қосу. Бұл үшін шамамен 1–2 жыл жұмыс қажет», дейді Ғайып Данияров.


Жәнияның жеке бапкері, 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Юлия Даниярова оның күн сайын үш сағат жаттығатынын, соған қарамастан мектепте де жақсы оқитынын айтады.

Қазір Жәния Бекмұхамбетова әлемдік рейтингте U13 санатында 12-орында тұр.

Айта кету керек, Allur компаниясы үстел теннисі жарыстарының тұрақты серіктесі болып табылады. Компания Қостанай облысында бұл спорт түрінің дамуына елеулі үлес қосып келеді, сондай-ақ қазақстандық теннисшілердің халықаралық жарыстарға қатысуына қолдау көрсетіп, дайындыққа қажетті ресурстармен қамтамасыз етеді.