18 ақп, 2019 сағат 08:12

Жарнама мәтіндеріндегі қайшылықтар

«И» мен «У» дифтонгоид дыбыстар – ый, ій, ұу, үу дыбыс тіркестерінен тұрады. Осы тұста З.Базарбаева жазуда ол дыбыстар бір әріппен белгіленіп, фонологизация құбылысына бағынатындығын ашып айтады: «Тіл иелері бұл дыбыстарды дифтонгоид фонема ретінде қабылдайды, ал жазуда олар бір әріппен белгіленіп, адамның санасына еніп, фонологизация құбылысына бағынған. Осыған байланысты бірнеше қағидаларды ескеру керек. Біріншіден, алфавит өзінің құрамындағы әріптердің молдығымен емес, ықшамдығымен бағаланады. Сондықтан дыбыс тіркестерін кейде бір ғана әріппен таңбалауға болады. Жалпы графика сөйлеу тілінің дыбыстық жағын, оның ерекшеліктерінің барлығын түгелдей қамтып бере алмайды. Оны фонетикалық транскрипция атқара алады. Сөздердің жазылуы мен айтылуының бір-біріне әрқашан сайма-сай келе беруі шарт емес. Тілдердің әрқайсысының жазылуы мен айтылуының арасында айырмашылықтар бола береді. Орфография сөздердің дыбысталуын дәлме-дәл көрсете бермейді, ал орфоэпияның ең негізгі қызметі – сөздің дыбыстық құрамын дәлме-дәл көрсету. Орфография мен орфоэпияның айырмашылығы осында».

Сөздердің құрамында и мен у дифтонгоид дыбыстар болғанда біз ойланбай-ақ бару, келу, жуу, қуу, туған, кино аспирантура факультет деп жазамыз, олардың дыбысталуын: барұу, келұу, жұуұу, құуұу, тұуған, кійно, аспійрантұура, факүултет түрінде транскрипциялауға болады. Жаңа латын жазуымен: barý, kelý, jýý, qýý, týgan, kɪno, aspɪrantýrа, fakýltet болса, транскрипциясы: baruý, keluý, juýuý, quýuý, tuýgan, kiɪno, aspiɪrantýrа, fakuýltet.

(З.Базарбаева Латын әліпбиіне көшу: Ғылыми-қоғамдық негіздер, даму процесі және басты мәселелер)

Бұрынғы емледе де и мен у-дың дыбыс тіркесі ретіндегі емлесі берілген болатын. Бұл жолы да олардың дауыссыздан кейін й мен у қосар дыбысты құрап таңбалайтыны ашық көрсетілген. Дегенмен, солай тарқатып жазуды ұсынатын ғалымдардың пікіріне профессор Н.Уәли мынадай қарсы дәлелін ұсынады: «У құрамында ұу, үу мен й құрамындағы ый, ій заңдылығы жазу жүйесіне де енуі қажет деген ұстанымдар да болды. Бұндай жағдайда сүйенетіміз: Тағылым, Дәлел, Уәж. Осыларға сүйеніп, бір тоқтамға келдік. Тағылымға, дәлелге, уәжге тоқталмасақ, жазу реформасы бітіспес айтыс алаңына айналар еді. Әуелі сөзді тағылымнан, өмір тәжірибесінен бастайық. А.Байтұрсынұлы кезіндегі төте жазуда қиын, тиын, ит, киім деп те, қыйын, тыйын, ійт, кійім деп те жазған.   1930-жылдардағы латында да солай: тұу деп те, ту деп те жазылды. Кирилше жазуда, 1957-жылғы ережеге дейін тұу деп те, ту деп те жазылған болатын. Осы қиындықтан тағылым алуымызға болады.   1957 жылғы Ережеден кейін бұндай ала-құла, әрі-сәрі жазу бірізге түсті. Егер ережеде кемшілік болса, осы күнге дейін ала-құлалықтан арыла алмай жүрген болар едік. Қай газетті алып қарасақ та, у, и әріптерінің жазылуынан кеткен қатені көрген жоқпыз. Егер өмір сынынан өткен тәжірибеден тағылым алмасақ, күні ертең-ақ баяғы ала-құлалық қайталанбай қоймас. Тағылымға тоқтамасақ, тағы да тайғақ кешуде жүреміз. Тағылым дейтініміз осы.   

Дәлел. Дәлел мынау: у да, и де А.Байтұрсынұлы айтқандай, жарты дауысты. [тұу] дегенде у жарты дауысты, ұ қысқа дауысты, екеуі де еріндік. Осы қасиеттері жағынан бірегейленіп, бір бүтінге айналған дыбыстық бірлік. Оппоненттерімізге айтатын дәлеліміз осы. Тұу деп жазсаңыз да, ту деп жазсаңыз да айтылымында айырма жоқ.  Уәж. Уәж мынау: Әңгіме тек бу, су, ту сияқты, бір буынды сөздер ғана емес. Әдетте орфографиямен шұғылданушылар бірер сөзбен ғана шектелмей, фактологиялық материалдарды кеңінен жинап, соған сүйенеді. Оны саралайды, әр нұсқасын жазып, салыстырады. Сіз де салыстырыңыз, оқырмандарымыз да салыстырып көрсін: игеру (5 әріп) – ійгерүу (7 әріп) , игерісу (7 әріп)  – ійгерісүу (9 әріп); қуу (3 әріп) – құуұу (5 әріп); ауру (4 әріп) – ауырұу (6 әріп); суыну (5 әріп)  – сұуынұу (7 әріп)» (Н.Уәли Егемен Қазақстан). Ғалымның талдауындағы И мен У-ды таратып жазғанда сөз тұрқы ұзарып, көзшалымға ауырлығы, оқылымдағы кедергілері байқалады.

Балаларды оқытудағы тәжірибемізге сүйеніп айтар болсақ, әріптерді таратып жазуда және оқуда қиындық туындайды. Осындай қиындықтар 20-ғасырдың басында да орын алғанын  1924-жыл ұйеннің 12-күні болған Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезіндегі Міржақып Дулатұлының мына сөзі дәлелдейді. ««Ұу», «ыу»-лар дыбысқа ұсап естіледі; Оны екі әріппен жазу балаларға түсіндіргенде де, жазғанда да ауыр болады; сондықтан «ұу», «ыу»-ларды бір әріппен жазатұн ереже шығару керек». (Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі, Алматы, 2005. – 144бет.)

Мәселен, көшедегі жарнама мәтіндеріндегі «И» мен «У» әріптерінің жазылуын екі нұсқада яғни бірінде жалғыз таңбамен, екіншісінде таратып қос таңбамен жазып, салыстырып көрейік.

 

«И», «У» әріптері кирил әліпбиінде бір таңбамен жазылуы

«И», «У» әріптерінің жаңа әліпбиде бір таңбамен жазылуы

«И», «У» әріптерінің жаңа әліпбиде екі таңбамен  жазылуы

  1.  

Тілдерді дамыту басқармасы

Tilderdi damytý basqarmasy

Tilderdi damytuý basqarmasy

  1.  

Тұрақтандыру қоры

Turaqtandyrý qory

Turaqtandyruý qory

  1.  

Халыққа қызмет көрсету орталығы

Halyqqa qyzmet kórsetý ortalyǵy

Halyqqa qyzmet kórsetúý ortalyǵy

  1.  

Студенттер жатақханасы

Stýdentter jataqhanasy

Stuýdentter jataqhanasy

  1.  

Ақыл-ой дамыту орталығы

Aqyl-oı damytý ortalyǵy

Aqyl-oı damytuý ortalyǵy

  1.  

Басып шығару

Basyp shyǵarý

Basyp shyǵaruý

  1.  

Мәтінді жылдам теру

Mátindi jyldam terý

Mátindi jyldam terúý

  1.  

Сұлулық салоны

Sulýlyq salony

Suluýlyq salony

  1.  

Той өткізу залы

Toı ótkizý zaly

Toı ótkizúý zaly

  1.  

Бояулар сату

Boıaýlar satý

Boıaýlar satuý

  1.  

Дәмді тағам жеткізу

Dámdi taǵam jetkizý

Dámdi taǵam jetkizúý

  1.  

Тез тамақтану

Tez tamaqtaný

Tez tamaqtanuý

  1.  

Еуропадан таңдаулы сусындар

Eýropadan tańdaýly sýsyndar

Eýropadan tańdaýly suýsyndar

  1.  

Кеңселерді жалға беру

Keńselerdi jalǵa berý

Keńselerdi jalǵa berúý

  1.  

Ауабаптағышты толтыру

Aýabaptaǵyshty toltyrý

Aýabaptaǵyshty toltyruý

  1.  

Ауаны тазарту

Aýany tazartý

Aýany tazartuý

  1.  

Көлік жуу

Kólik jýý

Kólik juýuý

  1.  

Май ауыстыру

Maı aýystyrý

Maı aýystyruý

  1.  

Аяқ киім дүкені

Aıaq kıim dúkeni

Aıaq kiıim dúkeni

  1.  

Жеңілдікпен алу

Jeńildikpen alý

Jeńildikpen alyý

  1.  

Әйелдер киімі

Áıelder kıimi

Áıelder kiıimi

 

Әріптер саны

 

 

341 әріп

 

355 әріп

Көріп тұрғанымыздай «И» мен «У» әріптерін  екі таңбамен  беріп таратып жазар болсақ,  оқылым мен жазылымда сөз тұрқының ұзаруы айтарлықтай қиындық туғызуы сөзсіз. Себебі, [ұу], [үу], [ый] [ій] дыбыс тіркестері бір ғана таңбамен таңбалау санамызда бұрыннан қалыптасқан, әрі сынама-сауалнама жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, басым көпшілігі ықшамдап жазуды қолдайды. Жарнама мәтіндеріндегі «И» мен «У» -ды таратып және таратпай жазып, салыстырғанда айырмашылығы 341 мен 355 әріпті құрады. Жарнама пішіні, идеясы, көркемдігі, адамға ерекше психологиялық және эмоциялық әсер ететіндіктен, ондағы сөздердің ықшамдылығы басты орында болуы шарт. Сондықтан жарнама мәтінінде «И» мен «У» -ды екі таңбамен таңбалау жағымсыз әсер беруі ықтимал.

Жұмаханова Назым Нұрғазықызы

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

ғылыми қызметкері

Арнайы Ұлт порталы үшін