27 қыр, 2019 сағат 10:23

Жасанды интеллект қызметкер болашағына қалай әсер етеді?

«Жасанды» термині келесі буынның қалай жетістікке жететіне жауап бере алмайды. Әр кезеңнің өз құндылықтары бар. Иә, «жасанды интеллект» болашақ ұрпақтың қолындағы сиқырлы дүние емес, бірақ қазірдің өзінде біздің жұмысымызды жеңілдете алады.  

Адам істейтін жұмысты роботтар алмастырған кезде, оларға «қосымша интеллект» деген атау беруге болады. Бүгінгі таңда үнемі қайталанатын бірсарынды жұмысты роботқа беруге ешкім қарсылық көрсетпесі анық.

Мысалы үшін робот шаңсорғышты алайық. Мен шаңсорғышты жіберіп қойып, осы мақаламды жазып отырмын. Бұл маған барынша ыңғайлы, шаңсорғыштың «өз санасы» болғандықтан, үйдің қай бөлігін тазалау керектігін жақсы біледі. Ол өз шаруасынан жалықпайды және әрбір бұрышты тиянақты тазалайды. Мен де оны алыстан бақылап отырамын және ол өте жақсы көмекші.

Сонымен, wahtis.com сайты жасанды интеллект сөзінің іскерлік әлемге қатысты анықтамасы бойынша мынадай тұжырымға келеді: Жасанды интеллект – адамның миында болатын процестерді компьютердің де іске асыруы деген сөз. Бұл процеске деректерді түсіну - үйрену, ойлау - сараптау және өзін-өзі түзету кіреді. Жасанды интеллект эксперттік жүйелерде, жазбаша немесе ауызша мәтіндерді тануда және әртүрлі оптикалық камераларда қолданылады.  

Негізінде, жасанды интеллектінің техникалық жабдықтары, бағдарламалары мен онымен жұмыс істейтін адамдарды жалдау арзан тұратын қызмет емес. Мәселен, бизнеске жасанды интеллект енгізу көптеген қаражатты қажет ететін процесс. Сол себептен, арнайы жасанды интеллект қызметі құрылып, жеке және заңды тұлғаларға алдымен ЖИ-ді тәжірибеден өткізіп, оны сатып алмастан бұрын жан-жақты сынап көруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Amazon AI, IBM Watson Assistant, Microsoft Cognitive Services және Google AI жасанды интеллект қызметтері әлем бойынша қолданыс тауып келеді.

Енді жасанды интеллекті қалай қолдануға болатынына көңіл аударайық. Кадр бөлімі (HR) мен қызметкерлерді басқару саласынан бастайық. Бір қызығы, жасанды интеллект адамдардың орнына шешім қабылдайды. Біз жұмыскер іздегенде адамдық фактордан қашып құтылмайтын едік, ал ЖИ-мен жағдай басқаша болады.

Жасанды интеллект біздің жұмыс орнымыздағы процестер, қызметтер пен жеткізу сапасын жақсартады, адамның орнын баса алмаса да, әр салада жақсы  көмекші бола алады. Әсіресе, жасанды интеллектке үнемі қайталанатын шаруаларды жүктеп, ал компания қызметкерлері стратегиялық маңызды сұрақтарды талқылап, шығармашылықпен айналыса алады.

Болашақта жасанды интеллект жақсы қызметкерлер табуға, олардың компанияда қалып, өз ісіне берілген, сапалы қызметкерлерден тұратын топтар құруға септігін тигізетін болады.

Көбіміз жасанды интеллект мен жабдықталған құралдарды күнделікті қолданып жүрміз. Мысалы X.ai. сайтында кездесулер мен жиналыстарды жоспарлауға, уақытын өзгертіп немесе кейінге қалтыруға болады.

Zoom онлайн конференциялар платформасында Otter.ai функциясы арқылы жиналыста айтылған мәселелерді жазып, мәтінге айналдырып, қатысушыларға тарата алады. Өз басым осы айтылған екі қосымшаны да белсенді қолданып, олардың пайдалы екеніне көзім жетті.

Textio қосымшасының көмегімен менеджерлер ұсынылып отырған жұмыс жайлы деректерді әртүрлі ұйымдар арқылы жариялап, ең сапалы жұмыскерлерді тарта алады. Palatine Analytics қосымшасы инклюзия мәселелерін қарастырып, мекемелерде әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері мен түрлі қабілеттегі адамдарды табуға септігін тигізеді.

Осы мысалдардан-ақ, келешекте жасанды интеллектінің бизнес пен қоғамға тигізер әсерін көре аламыз. Deloitte компаниясы жасаған зерттеуде мынадай қорытындыға келген екен: «Шаруаның көбісі автоматтандырылғанда, шынайы «адамға тән» жұмыстың маңызы артатын болады». Біз жұмысымыздың бір бөлігін машиналарға берген кезде, компаниядағы қызметкерлер өздерінің шығармашылық және сыни ойлау қабілетін қолдануы керек болады.

Ал өзін техникалық эксперт деп санамайтын атқарушы директорлар үшін жасанды интеллектінің ешқандай қиындығы жоқ. Шындығына келгенде, кез келген бизнес өкілі жұмысты автоматтандырып, жұмыскерлердің тәжірибесін жақсартып, сол арқылы пайда мөлшерін арттыру үшін жасанды интеллектінің тілін меңгеруге көңіл қою керек. 

Есіңізде болсын, жасанды интеллект компаниялардың ең құнды капиталы – адамдардың ұжымдық санасының әлеуетін күшейтіп, машиналардың жұмысын жақсартуы керек. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://www.forbes.com/sites/cognitiveworld/2019/09/06/ai-for-executives/?ss=ai-big-data#2b6e032f51c4