29 сәу, 2020 сағат 15:51

Жолаушылар ұшақта медициналық маска киіп отыруға міндеттеледі

Ұшақпен ұшатын жолаушыларға қойылатын басты талап – COVID-9 жұқтырмағаны туралы анықтаманың болуы. Бұл туралы Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ішкі әуерейстерді қайта іске қосқан соң санитарлық-карантиндік бақылауды күшейтуге қатысты негізгі талаптарға тоқталып өтейін. Жолаушыларға қойылатын басты талап – COVID-9 жұқтырмағаны туралы анықтаманың болуы. Тағы бір талап – жолаушылар ұшақ ішінде ара қашықтық сақтап, яғни араға бір орындық қалдырып отырулары керек. Үшіншіден, ұшақта әр жолаушы медициналық маска киіп отыруға міндетті. Төртіншіден, ұшақ бортында дезинфекция жасау шаралары күшейтіледі», - дейді Сәдуақас Байғабылов онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, ұшып келген жолаушылар карантинге жатқызылмайды.

«Ұшақ ішінде жолаушылар анкета толтырады. Ұшақ қонған соң анкета әуежайдағы санитарлық-карантиндік пункке беріледі. Ұшақтан түскеннен кейін байланыссыз термотерия сияқты қосымша шаралар жасалады. Бұл шаралар жолаушы өзін жайсыз сезінген жағдайда керекті стационарға апарып, диагноз қойып, қысқа мерзім ішінде кімдермен байланыста болғанын анықтап, тиісті шаралар қолдану үшін керек», - Көліктегі бас санитарлық дәрігер.