01 қыр, 2020 сағат 19:50

Жолдауда жарияланған қағидалар орындала бастайтындығына үміттенеміз - Сауытбек Абдрахманов

Біз Президент Жолдауында жария етілген қағидалардың өмірде орындала бастайтынына үміт артқымыз келеді. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының жыл сайын кезекті сессияның ашылуында, Парламент палаталарының бірлескен отырысында ел халқына Жолдау жасауы – талайдан қалыптасқан дәстүр. Биыл да солай болды. Бірақ бұл екі аралық, өткен қыркүйектің басы мен биылғы қыркүйектің басы – бір жыл ғана уақыт аралығы емес. Бұл аралыққа тұтас бір дәуір сыйып кеткендей көрінеді. Өйткені, дәл осы аралықта адамзат баласы бұрын-соңды болып көрмеген жаңа жағдайға тап болды. Дәл осы уақыт аралығында жаһанданудың, қаншалықты жақсылықтарымен қатар, өте-мөте күрделі құбылыс екендігін де көрдік. Бір елде, бір қалада басталған эпидемия аз уақыттың ішінде адамзаттық пандемияға ұласып жүре берді. Ең мықты экономикасы бар елдер, медицинасы ең дамыған мемлекеттер коронавирустың қыспағына шыдас бере алмады. Адамдар күніне он мыңдап өмірден қоштасып жатты», - деді Мәжіліс депутаты. 

Оның атап өтуінше, Қазақстан да қиын жағдайды бастан кешірді.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауында ел халқының осындай сын сағаттағы жұдырықтай жұмылған бірлігіне разылық білдіруі де сондықтан. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Індетпен күрес дана халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында жүзеге асты. Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды» деп атап айтты. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай қиын жағдайда бейжай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғысын жеткізді.

Қазақстанның экономикалық әлеуеті миллиондаған адамға, уақытша табысынан айырылған азаматтарға хал-қадерінше көмек көрсеткендігі де айтылды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл індет соңғы 100 жыл ішінде дүние жүзінің бұрын-соңды болып көрмеген аса күрделі әлемдік дағдарысқа ұшырауына әкеп соқтырғандығын да атап айтты», - деді Сауытбек Абдрахманов.

Мәжіліс депутатының пайымынша, дағдарыс жағдайында пандемияның зардаптарын жою, індеттің екінші толқыны соққан жағдайда жұмыс істеу үшін елімізге жаңа жағдайдағы жаңа экономика, жаңа жағдайдағы жаңаша басқару керек.

«Ол жөнінде де Президент арнайы тоқталып өтті. Жолдаудың үлкен бір тарауы мемлекеттік басқарудың жаңа моделі төңірегінде болды. Мұнда нақты қадамдар да атап көрсетілген. Стратегиялық жоспарлау мен реформалар жөнінде агенттік құрылатындығы, оның тікелей Президентке бағындырылатындығы және ол агенттік мемлекеттік жоспарлаудың бүкіл жүйесінің орталық буынына айналатындығы атап көрсетілді», - деді депутат.

Сауытбек Абдрахмановтың айтуынша, пандемия жағдайында онлайн жұмысқа көшу мемлекеттік аппаратты қысқартуға, тіпті емін-еркін қысқартуға болатындығын көрсетіп берді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан бұрын жария еткен 25 пайыздық қысқартуды 2 жылда аяқтауға, нақты айтқанда биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқартуға болатындығын көрсетіп отыр. Соның есебінен мемлекеттік қызметшінің деңгейін көтеріп, материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік ашылады», - деді ол.

Мәжіліс депутаты бүгінгі Жолдауда өңірлердің экономикалық дамуына байланысты да көптеген жақсы ойлар айтылғандығына назар аудартады.

«Ауыл шаруашылығын дамытпайынша, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі атап көрсетілді. Жеріміздің, қазақ жерінің шетелдіктерге сатылмайтындығы да нақты айтылды. Осы сөздің тұсында, Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтетін залда жұрттың ду қол шапалақтауы Мемлекет басшысының аса маңызды мәселеге сөз арнауы оң шешім болғандығын көрсетеді. Әрине, бірлескен отырыс аяқтала салысымен, тілшінің өтінішіне орай телефон арқылы айтып жатқан сөздерде жаңа ғана жария етілген Жолдаудың мән-маңызын, барлық қыры мен сырын қамтып өту өте қиын, тіпті ол мүмкін де емес. Мемлекет басшысының халықтың мұң-мұқтажына соншалықты сергек қарайтындығына дәлел Жолдауда отбасылық-демографиялық ахуалдағы аса алаңдатарлық жайттың бірі ретінде еліміздегі әрбір алтыншы отбасының перзент сүйе алмай отырғандығын айтуы дер едім. Осыған байланысты «Аңсаған сәби» деген арнаулы бағдарлама жасалатындығы, оның 2021 жылдан іске қосылатындығы өте қуанышты жай. Ұстаздар, дәрігерлер жалақысының нақты өсетіндігі, атап айтқанда, 2023 жылға қарай дәрігерлер жалақысының экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе артық болатындығы, экологияға қағидатты түрде жаңаша көзқарас қалыптастырылатындығы, таяудағы бес жылдың ішінде орман қорында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн түп ағаш отырғызылатындығы елімізді жасыл желекке бөлеу жөнінде үлкен іс қолға алынатындығын көрсетеді», - деді Мәжіліс депутаты.

Халық қалаулысының айтуынша, цифрландырудың қаншалықты маңызды екендігін пандемия анық көрсетіп берді. Мемлекет басшысы цифрландыруды кәдімгі жолдар мен электр жарығы сияқты негізгі қажеттіліктер қатарына жатқызды.

«Азаматтардың елімізді басқаруға қатысуы туралы ойлары да көкейге қонады. Айрықша атап айтатын жай – Жолдауда ұлттық жаңа болмыс туралы арнайы сөз етілгендігі. ХХІ ғасырдың ұрпағы кемел білімді болуы керектігі, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажеттігі, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыру дұрыс болатындығы, темірдей тәртіпке, жоғары жауапкершілікке бейімделу керектігі, адалдықтан, ұқыптылықтан, тиянақтылықтан танбау керектігі бірінші, екінші, үшінші деп тұрып, санамалап айтылды. Абай сынап айтқан қоғамдық дерттерден арылу қажеттігі де Мемлекет басшысының сөзіне арқау болғаны өте орынды. Бәріміздің алдымызда жаңа белес тұр. Ол – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Бұл белес бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің халқы, көпэтносты мемлекетіміз жұртшылығы Тәуелсіздік тойына, мерейлі датаға жаңа заманға лайықты жаңа мемлекет, жаңарған ұлт ретінде толығып, түлеп баруға ұмтылады деген сенімді ұялатады. Біз Президент Жолдауында жария етілген қағидалардың өмірде орындала бастайтындығына үміт артқымыз келеді», – деді Сауытбек Абдрахманов.