10 қар, 2025 сағат 12:56

Жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастырып, миллиондар жымқырған әйел ұсталды

Фото: Pexels.com

Қала прокуратурасы әлеуметтік төлемдердің тағайындалу заңдылығына жүргізген талдау нәтижесінде ірі көлемдегі алаяқтық әрекетті әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Тексеру барысында «У» есімді азаматша жеке кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін қолдану арқылы жүкті әйелдерді түрлі кәсіпорындарға жалған жұмысқа орналастырып келгені анықталды.

Одан кейін ол сол әйелдердің атына әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеп, бөлінген қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.

Бұл әрекеттің салдарынан мемлекетке 217 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, материалдар Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын толық анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.