17 шіл, 2020 сағат 11:29

Жұмысшылар жайы жіті бақылануы керек – «АрселорМиттал Теміртау» басшысына өтініш жолданды

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «АрселорМиттал Теміртау» басшысына өтініш жолдады. Оның айтуынша, Қарағанды көмір бассейніндегі жағдай жіті бақылауға алынуы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазмырыш (Казцинк компаниясы) туралы айтайын: онда қызметкерлер мен олардың отбасының денсаулығына баса мән беріліп отыр. Кәсіпорында санитарлық өңдеу жұмыстары күшейтіліп, жұмыстағы персонал гигиена құралдарымен қамтылған. Іссапарлар мен жиналыстар тоқтатылған. Кәсіпорындағы шаралардың бәрі шектелген. Кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшірілген. Қызметкерлерді жұмысқа арнайы автобустар әкеледі. Қазір ірі кәсіпорындардың көбі өз қызметкерлері үшін арнайы автобус шығарып жатыр. Асханаларда тамақ ішу үрдісі де тоқтаған. Арнайы ланч-бокстар арқылы тамақ таратады. Кәсіпорындағы қызметкерлері гигиена сақтау туралы үнемі ескертіледі. Бақылау-өткізу бекеттерінде байланыссыз дене қызуын тексеру кешені орнатылуда. Мәселен Қарағандыдағы YDD ферроқорытпа зауыты мен Qaz Carbon компаниялары осы аппараттарды сатып алып қойғаны туралы маған фотосуреттерін жіберді. Жұмыс орнына кірген азаматтың дене қызуы автоматты түрде көрсетіледі. Дене қызуы 37 градустан асып тұрса – қызыл сигнал беріліп, жұмысшының ауырып тұрғаны көрінеді», - деді Мұхтар Тінікеев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазмырыш компаниясындағы қызметкерлер мен олардың отбасыларына 100 мың маска, тәулік бойынша жұмыс істейтіндер үшін 120 автибактериалды шам таратылған.

«Егер кәсіпорын өз қызметкерлерінің әлеуметтік жай-күйін талдап біліп отырса, онда ауру жұқтырғандар да аз болады. Осы жиынның алдында ғана шахталардың біріндегі кеншімен сөйлестім. «Қалдарыңыз қалай?» десем, «Науқастар көп» дейді. Шахтаға түсетін бес кісінің орнына үш адам түседі екен. Ал карантинге байланысты жаңа жұмысшылар қабылданбай жатыр. Осы жиынды пайдалана отырып, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына өтініш жолдағым келеді: Қарағанды көмір бассейніндегі жағдайды жіті бақылауға алынса деймін», - деді ол.