02 нау, 2023 сағат 16:31

Журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген күдіктінің сыбайластары анықталды

Фото: Polisia.kz

ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуылдар ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр. Ұсталған Токарев өзінің кінәсін мойындаған және тергеуге көмектесуге келіскен, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Оған басқа шетел азаматтары - К.Литвиновтің, С.Шаповаловтың, Б.Демченко мен Я.Малышоктың белсенді көмек көрсеткені анықталды.

Токаревтің өзі ұйымдастырушы және үйлестіруші ретінде, ал топтың басқа қатысушылары - Литвинов, Шаповалов және Демченко рекрутерлер ролін атқарып, Қазақстан азаматтары арасынан арандатуды тікелей іске асырушыларды, яғни "қабандар" деп аталатын орындаушыларды іздеумен және қылмыстық әрекетке тартумен айналысқан.

Сондай-ақ олар ашық ақпараттық дереккөздерден жәбірленушілерге қатысты мәліметтерді жинаған. Мемлекеттік ақпараттық деректерге рұқсаты бар тұлғаларды іздестірген. Токаревпен бірге арандатуларды іске асыру жолдарын (көліктерді өртеу, қауіп төндіру және шабуылдау) әзірлеген.

Малышок хакерлік бағытқа жауапты болып (флуд, DDos, бұзу және т.б.), "Orda" және "Elmedia" сайттарына DDos-шабуылдарын өзі ұйымдастырған. "Ulysmedia" редакциясының сайтын бұзған.

Қазіргі таңда Бас прокуратурамен бірге Токаревтің сыбайластарын халықаралық іздеуге жариялау мәселесі пысықталуда. Бастамашылдарды анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатыр, нәтижелері қосымша хабарланады.


Еске салайық, бұған дейін танымал қазақстандық журналистер мен редакцияларға жасалған шабуылды ұйымдастырған адам ұсталғаны хабарланған болатын. Алматыда арандатушылық шабуылдардың тікелей үйлестірушісі - шетелдік азамат, білікті хакер О.Токарев ұсталды. Оның уақытша тұрып жатқан жерінен шабуылдарды басқару, анонимді Telegram-аккаунттарда "тапсырыстар" беру, орындаушыларды табу және олардың акцияларына ақы төлеу жүргізілген техника табылып, тәркіленді.

Бұл топ Вадим Борейкоға, Гүлнара Бажкеноваға, Г.Ерғалиеваға, Самал Ибраеваға және бұқаралық ақпарат құралдарының басқа да өкілдеріне қарсы 30-дан астам арандатушылық шабуыл жасаған.