25 жел, 2025 сағат 16:19

Жыл соңында өзіңе есеп беру — жетістік емес, өсу


Фото: pinterest

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Жыл соңында есеп беру сәнге айналғандай. Әсіресе әлеуметтік желіде әркім бір жылда жеткен жетістіктерімен бөліседі. Біреулер өзгенің жетістіктерін көріп, бірге қуанып, өзіне шабыт алса, екінші тарап өзгелермен салыстырып, өзін түкке тұрғысыз сезінетіндері де бар.

Абай 15-ші қара сөзінде:

“«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде  бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!  Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?” дейді.



Фото: pinterest
Сол себепті мейлі жария қыл, қылма күн сайын, ай сайын өзіне есеп беретін адамның бір жылдық есебі де болуы шарт. Үлкен үй алуы, үлкен кәсіп ашу, чемпион болу, басшы болу секілді жетістіктер болмаса да өсу жолындағы адамның бір жылдық есебінде:

Барлық ішкі түйткілі шешілмесе де өзінің эмоционалдық күйін күнделікті реттей алуы;
Қаражаттық кіріс-шығысты басқарып, ақша ұстауда тәртіп орнатуы;
Денсаулығына көңіл бөліп, белгілі бір спорт түріне жақындауы;
Өзінің шығармашылық жолында, кәсіби, мамандықта өсуде тағы бір деңгейді қамтуы;
Адамммен қатынаста өзіне ыңғайлы шекара, форма, жиілік, форматты үйлестіріп үйренуі секілді бір жылда пайдалы дағдылар қалыптастырып, оны тұрақты әдетке айналдырудың өзі үлкен жетістік.


Пайым

Өзімізге жылдық есеп беру міндетті. Бұл — өзімізден қашпай, өзімізге тағы бір табан жақындаудың амалы. Таудай жетістіктерге жетпесек те, өзімізді құнсыздандырмай жылдың соңын әдемі, жайлы сезіммен аяқтау маңызды.

Бір жылда не өзгерді? Қандай бағытта кетіп барамыз? Қаншалықты өстік? Осыны анықтап, тұлғалық қалыптасу жолындағы шағын еңбектеріміз үшін өзімізді мақтан тұту келесі жылға сенімді түрде әдемі үмітпен қадам басудың кепілі.


Динара Болат