ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында белгілі жырау, фольклор зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовтың 70 жас мерейтойына орай «Біздің жәрмеңке - жыр-дастан» концерті өтті.
Кеш барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Құттықтауда өнер иесінің жыршы ретінде жоғары орындаушылық шеберлігі, ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі және халықаралық деңгейде танылған жетістіктері ерекше атап өтілді.
"Сізді 70 жас мерейтойыңызға орай «Біздің жәрмеңке – жыр-дастан» атты шығармашылық кешіңіздің өтуімен шын жүректен құттықтаймын. Өзіңізді қазақ руханияты мен мәдениетінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткер тұлға ретінде құрметтейміз. Ұлттық өнерді дәріптеп, жыр-терме дәстүрін жаңғырту жолындағы еңбегіңіз елеулі. Қазақ жыраулық дәстүрін әлемге танытып, ұлттық өнеріміздің мәдени мұра кеңістігінде лайықты орын алуына зор ықпал етіп жүрсіз. Жыршылық өнерді ғылыми тұрғыдан зерделеп, кәсіби білм беру жүйесіне орнықтыруға орасан еңбек сіңірдіңіз", – делінген хатта.
Алмас Алматовтың орындаушылық шеберлігі ел ішінде ғана емес, шетелде де кеңінен танылған. Ол қазақ жыршылық дәстүрін Франция, Италия, Швейцария, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерінде насихаттады. Фольклорлық турнелер мен Азия халықтарының музыкалық симпозиумына қатысып, ұлттық өнерді әлемге паш етті.
Мерейтойлық кеште жыр-дастандар мен терме-толғаулар орындалып, көрерменге әсерлі де мазмұнды жыр кеші ұсынылды. Мерейтой иесіне өзге де өнер иелерінен құттықтаулар жолданды. Кештің басты ерекшелігі – ұрпақтар сабақтастығы болды. Сахнада Алмас Алматов «Жыр бастау» шығармасын көрерменге тарту етсе, немере-шөбере шәкірттері де өз өнерлерін көрсетіп, жыршылық дәстүрдің сабақтастығын айқын аңғартты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ұлжан Байбосынова, Сәуле Жанпейісова, Ерболат Шалдыбеков, Клара Төленбаева, Ерлан Рысқали, Елмұра Жаңаберген және өзге де өнерпаздар жыр-дастандарды нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар, Ақтамберді, Оңғар, Шернияз, Тұрмағамбет, Махамбет, Нартай, Жамбыл, Әсет, Қази Қалиұлы, Тасберген, Алмас Алматовтың және т.б. туындылары шырқалды. Белгілі жыршы Марат Сүгірбай Алмас Алматовтың «Шыңғыснама» дастанынан үзіндіні көрерменге әсерлі түрде ұсынып, ерекше ықыласқа бөледі. Өнер кешінде жыршының қызметін белгілі айтыскер, ақын, жыршы, термеші Еркебұлан Қайназар атқарып, көрерменге кеш қатысушыларын таныстырып отырды.
Кеш соңын барлық өнерпаздар Нұртуған жыраудың «Қанекей, тілім сөйлеші» туындысымен аяқтады. Өнерпаздар жыр-термелерді «Astana sazy» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындады.
Іс-шарада еліміздің әр өңірінен келген жыршы-термешілер мен дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген танымал өнерпаздар, сондай-ақ, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері мен «Gulder» ансамблінің балеті өнер көрсетті.
