Фото: buqara.kz
Көкшетауда 170 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ult.kz.
Қалалық сот 20 сәуірде бұл қылмыстық істі қарап, үш айыпталушыға қатысты шешім қабылдады. Сот алдында Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысы, техникалық қадағалау өкілі және мердігер ұйымның жетекшісі жауап берді.
Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі (аса ірі көлемдегі алаяқтық), 361-бабы 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) және 218-бабы (қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылды.
Ақмола облысының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу нәтижесінде, 2020 жылы Қопа көлі жағалауындағы құрылыс кезінде топ мүшелері 170 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Кейін бұл қаражат заңдастырылған.
Сот үкімімен айыпталушылар 5 жыл 8 ай, 6 жыл 8 ай және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
