21 сәу, 2026 сағат 14:17

93 келі марихуана: Өскеменде ірі есірткі қоймасы әшкереленді


Фото: polisia.kz

Өскемен қаласында ірі есірткі қоймасы жойылды. Арнайы операция облыс прокуратурасымен бірлескен жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында жүргізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Жедел-іздестіру барысында 27 жастағы жергілікті тұрғын анықталды. Тінту кезінде оның гаражынан есірткі сақталған қойма табылды.

Оқиға орнынан өсімдік тектес зат салынған екі қорап, көлемі 120 литр болатын жартылай толтырылған алты пластик бөшке, сондай-ақ қалдықтары бар үш бөшке және буып-түюге арналған материалдар тәркіленді.

Сараптама нәтижесі тәркіленген заттың 93 келіден астам кептірілген марихуана екенін көрсетті.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.