Фото: Altainews.kz
18 наурыз – ұлттық киімге арналады. Сан ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайымдылығымен және ұтымдылығымен ерекшеленеді.
Ұлттық стиль ұлттық мінез пен ұлт бірлігін айшықтай отырып, ел мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналды.
Наурыз мейрамын тойлауға қазақ халқы ерте заманнан бері мұқият дайындалған. Қыздар мен әйелдер мерекеде әдемі, ашық түсті көйлек пен қамзол киген. Баскиімдері жасына қарай өзгеріп отырған: қыздардың үкі қауырсынымен безендірілген кестелі тақиясы, ал жас келіндердің үкі тағылып, күміс тиынмен немесе тастармен безендірілген шошақ баскиімі – сәукелесі болған.
Жасы үлкен әйелдер басы мен мойнын жауып тұратын, кестемен әшекейленген ақ кимешек киеді.
Қазақ әйелдерінің киім үлгісінде зергерлік бұйымдардың алатын орны ерекше. Оларды қыздар да, әйелдер де тағады. Зергерлік бұйымдар тазартушылық қасиеті бар асыл металл күмістен жасалады. Қыздар сырға, шолпы тағып, бұрымына шашбау қосып өреді, жасы үлкен әйелдер сырға, сақина, білезік, алқа және басқа да әшекейлерін тағады. Қазақ әйелдерінің жасын, мәртебесін және тұратын жерін әшекейлері арқылы білуге болады.
Ер адамдар кең жейде мен шалбар, белбеулі шапан, басына тақия немесе құндыз бөрік киеді.
