24 нау, 2022 сағат 22:10

18 жыл ойланып, 18 күнде жазылған кітап



Отандық арналардың бірінде ақын Ханбибі Есенқарақызы «Жібек» атты туындысының қалай туғаны туралы әңгімелеп берді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Байқағанымыздай, қарапайым оқырманның айнадай көңіліне суреттей болып қона қалатын хикаятты ақын Ханбибі Есенқарақызы жазыпты.

Ақын жазған кітаптың аты – «Жібек». Өмір бойы өлең жазған Ханбибі Есенқарақызы соңғы кездері бірталай прозалар жазды. Ал прозаға қалай келгені туралы өзі былай деп ағынан жарылды:

«Прозаға ауысқаныма бірталай уақыт болды. Алғашқы «Шындыққа қарай жүздім мен» деген кітабымды Фариза апайға көрсеткенімде жатып ашуланды. Тулады. «жақсы ақынсың, мықты ақынсың, прозада нең бар? Поэзияда қуаты таусылған адам прозаға кетеді» деп ашуланған», – дейді «Алаш» Халықаралық сыйлығының иегері Ханбибі Есенқарақызы.

Ал аталған туындысы туралы да жасырмай сырын айтты. Ақынның айтуынша, кітапты жазу оңай болмаған. Ойында 18 жыл бойы пісіріп, ақыры бұл тақырыпқа бір демде отырған екен.

«Жібек» кітабына баруымның өзі менің 18 жылымды жеді. 18 жыл бойы ойымда қорытылды, бірақ 18 күнде жазылды. Сол кезде алғашқы екпінмен, алғашқы қарқынмен эмоциялық сезімге беріліп, алғашқы кіріспесін шамалы созып жібергенімді өзім де байқап қалдым. Бас кейіпкер - Жібек өзімнің нағашы әжем. Баян деген кейіпкер – өзім. Бұл әулеттің хикаясы. Бұл хикаяны маған менің анам әңгімелеп берген. Кітапта оның да образы бар. Өзім төртінші сыныпты оқығаннан бастап Жібек әжеме қарай тарта беретінмін. Тылсым күш тартатын. Соның әрбір ісіне, әрбір қимылына бала болсам да зер салып, кейін есейген соң сол әжем туралы жазсам деген ойдың құшағында жүрдім», – дейді «Алаш» Халықаралық сыйлығының иегері Ханбибі Есеқарақызы.

Қаламгер кітапты Алматыда жазған. Түнде қызы қараса, сағат 3-4-те еңіреп жылап отыр екен. 2-3 күннен кейін қараса қарқылдап күліп отырады. Сосын қызы «анамыз біртүрлі болып қалды» деп Шымкентке хабар береді. Сосын Шымкенттегі қызы жолдасымен, бала-шағасымен келеді. Анасына анықтап қарайды, ауытқушылық жоқ. Таңғалады.

«Сонда шығарманы жазып отырғанда көз алдымнан кино сияқты өтіп жатты ғой. Ананың көштен жалғыз қалып кеткені, «күйеуім – сүйеуім деп», 25-27 жасында жасы келген жолдасына қарап отырғанда екі айдан кейін күйеу, сосын сүзектен жалғыз ұлы өледі. Соларды жерлеген кезін елестеткенімде еңіреп жыладым. Ананың өз баласын өз қолымен жерлеуден асқан трагедия бар ма? Қалай көр қазып, оны сүйреп көтере алмай жеткізіп, екеуін бір көрпенің астына жатқызып, көрін жауып, сол жерде отырып, жоқтау айтқанының бәрі жүрегімнен өтті. Сол жерде еңіреп жылаған болуым керек. Ал енді күлгенім, менің нағашы атам болыс болған. Өзбекстанға көшеді, одан Тәжікстанға, одан ары Ауғанстанға көшпекші болады. Бұл оқиғаның бәрі өмірде Бәйдібек ауданында өткен. Төрт түлік малдың ішінде жүріп, Тәжікстанға барғанда есекпен жүргенді көреді. Бұл таулы-тасты жер. Есектен басқа жануар жүрмейді дейді. Атамыздың бойы екі метр болғанын өз көзіммен көргем. Сонда есекке отырғанда есек жүріп келе жатыр ма, адам жүріп келе жатыр ма, белгісіз қызық көрініс шығады. Ал үзеңгіге аяғын салса, екі тізесі басынан асып кетеді. Осы жеріне келгенде қарқылдап күлемін. Шығарманың ләззаты да сонда, өзің жыламасаң, өзің күлмесең кім оқиды ол кітапты?», – дейді «Алаш» Халықаралық сыйлығының иегері Ханбибі Есеқарақызы.

Қаламгердің айтуынша, Жібек ең жақын адамы репрессияға ұшыраған адамы, басынан өткерген оқиғалары.

«Мұны жазуыма Оңтүстік Қазақстанда өмір сүрген саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында мен 15 жыл директор болдым. Бірақ мен директормын демей, Алаш арыстарының шырақшысымн деп айтып жүрдім өзімді. Сол кезде талайдың ұрпағымен кездестім ғой. Ілияс Жансүгіров, Мұхамеджан Тынышбаев, Құлымбетовтың, Тәңірберген Отарбаевтың ұрпақтарымен кездестім. Өз ата-бабам да, нағашыларым да репрессияға ұшыраған. Мұндай шығарманы жазбауға қақым бар ма?», – дейді қаламгер Ханбибі Есеқарақызы.