07 жел, 2020 сағат 10:11

2020 жылы 18 бала терезеден құлап, мерт болды – ҚР ІІМ

Биыл елімізде 105 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған. Бұл туралы онлайн брифингіде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі бастығының орынбасары Дилбар Төлегенова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кәмелетке толмағандар арасындағы жазатайым оқиғалардың алдын-алу – өте маңызды. Балалардың бос уақыттарын ұйымдастыра алмау, оларды ата-аналарының қараусыз қалдыруы – әртүрлі жазатайым жағдайларға, жарақат пен өлімге алып келеді. 

«Биыл республика бойынша 105 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлады, оның ішінде 18 бала жазатайым жағдайдан мерт болса, ал қалған 87-і ауруханаға жатқызылды. Кәмелетке толмағандардың жарақаттануын болдырмау үшін кәмелетке толмағандардың үйде және көшеде, суда және өрт кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», - дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімі бастығының орынбасары Дилбар Төлегенова. 

Оның айтуынша, шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция су айдындарына рейд жүргізіп, демалушылармен профилактикалық әңгімелер ұйымдастырады. Қауіпті жерлерде 6 мың тыйым салу белгілері орнатылды. Қала жағажайларында балалар жүзетін 66 жағажай бар.