Фото: Almaty.tv
Келер жылы Қазақстанның 11 мәдени ескерткіші ЮНЕСКО-ның тізіміне енеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, қазір еліміз бойынша ірілі-ұсақ 25 мыңнан аса ескерткіш бар. Оның тек 10-ы ғана бүкіләлемдік мұра тізіміне енген. Жергілікті органдар тарихи жәдігерлерді күтіп ұстауға, жаңғыртуға, турист тартуға құлықсыз. Сондықтан оларды әлемдік деңгейде дәріптеу қиынға соғып жатыр. Аида Балаева тарихи ескерткіштерді әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, олардың маңызын арттыру үшін 7 министрлік бірлесе жұмыс істеуі керек деді.
Мәдени мұраларды дамытудың екінші бағыты ЮНЕСКО-ның конвессиялық қағидаттарына сәйкес материалдық емес мұралар. Оған халқымыздың дәстүрлерін, өнер мұраларын және басқаларды жатқызуға болады. Қазір министрлік жойылу қаупі төніп тұрған элементтерді түгендеу және әлемдік деңгейде жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алған.
«ЮНЕСКО-ның 2024 жылы бөлген гранты ерекше маңызға ие, ол 5 пилоттық салада практикалық шешімдерді енгізуге бағытталған. Жақында ғана біздің ерекше дәстүріміз – «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды. Таяуда «Салбұрын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, ЮНЕСКО қарауына ұсынылады», - деді Аида Балаева.