
2023-2030 жылдар аралығында 1 млн гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 3 млн гектарға дейін жеткізуіміз керек. Айта кету керек, суармалы жерлер негізгі су тұтынушы болып саналады. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің ауданы 1,6 млн гектарды құрайды. 2021-2023 жылдар кезеңінде Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында 274 млрд теңге сомасына 492 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылады», - деді ол Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, нәтижесінде 88 мың жұмыс орны құрылады. Құрылыс кезеңінде 11 мың жұмыс орны пайда болады.
«Ең бастысы, қалпына келтірілген суармалы жерлерді айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік аламыз. Өз кезегінде, бұл сауда және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында одан әрі мультипликативтік нәтиже береді. Бұдан әрі 2023-2030 жылдар аралығында 1 млн гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Нәтижесінде жыл сайын 570 млрд теңге көлемінде ауыл шаруашылығы өнімі қосымша пайда болады. 500 мың жұмыс орны құрылады», - деді Мағзұм Мырзағалиев.
