22 нау, 2026 сағат 12:26

Министрлік журналистерге ескерту жасады: “Дәлелсіз ақпарат таратпау керек”


Фото: malim.kz


Министрлік бір топ журналистің үндеуіне қатысты ресми жауап беріп, жағдайға асығыс баға беруге болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Ведомствоның хабарлауынша, мұндай істерде заңда қарастырылған барлық рәсімдер толық аяқталмайынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, дәлелсіз қорытынды жасау немесе алдын ала баға беру дұрыс емес. Министрлік бұл әрекеттер оқиғаның мәнін бұрмалап, процесс қатысушыларын негізсіз қаралауға алып келуі мүмкін екенін атап өтті.


Сонымен қатар ведомство таратылып жатқан ақпараттың шынайылығын тексеру – «Масс-медиа туралы» заңда бекітілген журналистердің басты міндеттерінің бірі екенін еске салды. Заңның 68-бабында журналистерді жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершіліктен босататын жағдайлар да нақты көрсетілген. Атап айтқанда, ресми мәлімдемелер сөзбе-сөз, өзгеріссіз берілген жағдайда жауапкершілік қолданылмайды.


Министрлік кез келген мәселені қарау барысында «Заң және тәртіп» қағидаты қатаң сақталуы тиіс екенін жеткізді. Өйткені заң – баршаға ортақ, оны сақтау барлық азамат үшін міндетті.


Ведомство өз тарапынан жағдайды бақылауда ұстап отырғанын және қажет болған жағдайда заң аясында тиісті шаралар қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар барлық процессуалдық әрекеттер сыртқы араласусыз, заңнама талаптарына сай жүргізілуі тиіс екені атап өтілді.