28 қаз, 2022 сағат 17:17

5 қарашада Kitap Fest Kids 2022 дәстүрлі кітап фестивалі өтеді


Алматыда жылдың ең ауқымды Kitap Fest Kids кітап фестивалі өтеді. Қарашаның бесіне жоспарланған кітап думаны биылғы балалар жылына орай ұйымдастырылып отыр. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «BAURZHAN foundation» қоры өткізіп жатқан «Kitapfest» кітап фестивалі - 2014 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі мәдени-бұқаралық іс-шара. 8 жыл ішінде KitapFest-те танымал қазақстандық авторлар мен баспагерлердің қатысуымен 150-ден астам кітаптың тұсаукесері өткен. Бұл жоба сегіз жыл ішінде шығармашылыққа құштар жандар үшін ауқымды әрі бірегей алаңға айналып үлгерді.

Биылғы Kitap Fest kids фестивалі Қазақстандағы балалар жылына арналған, сондықтан іс-шара ауқымды балалар бағдарламасын қамтиды. Оның ішінде Лилия Клаус, Гүлнар Жандыбаева, Гүлжан Сәрсенова, Әсел Сапақова және тағы басқа көптеген балалар жазушыларымен кездесу, «Таңыс болайық! Батыр», «Бөлісу деген - бақыт», «Бату мен оның достарының шытырман оқиғалары» сынды жаңа туындылардың тұсаукесері өтеді.


Kitap Fest Kids бағдарламасы:

  • Кітап алмасу, сөрелерді әртүрлі жанрдағы қызықты кітаптармен толықтырудың бірегей мүмкіндігі.
  • Жазушылар шатыры, отандық жазушылар өз кітаптарын таныстырып, пікір алмасады.
  • «Офлайн кітаптар туралы» шатыры, танымал балалар жазушылары, блогерлер және табысты әйелдер қауымы өз тәжірибелерімен бөліседі.
  • Кітап жәрмеңкесі, кітап дүкендері, баспагерлер және интернет-дүкендері өз өнімдерін көрмеде ұсынады, Фестиваль барысында қалаған әдебиетті 20%-ға дейін жеңілдікпен сатып алу.
  • Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы, аниматорлар, театр қойылымдары, шеберлік сыныптары, аквагрим мен түрлі қызықты байқаулар келген қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйламақ.


Сондай-ақ, фестивальде алғаш рет «Ауылға кітап» акциясы өтеді, онда кез-келген оқырман өз кітабын Қазақстанның ауылдық кітапханаларына өткізе алады.

Айта кетейік, BAURZHAN Foundation әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Қазіргі KITAP FEST KIDS фестивалінің мақсаты-балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман мәдениетін дамыту, жазушылар мен олардың оқырмандары үшін бірыңғай алаң құру.