12 ақп, 2021 сағат 10:19

5 жылда жұмыссыз 130 мың адам еңбек нарығына қажетті дағды алады – Асқар Мамин

Алдағы 5 жылдың ішінде жұмыссыз жүрген 130 мың адам еңбек нарығында қажетті дағдыларды онлайн форматта оқиды. Бұл туралы Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және арттыру жөнінде кешенді шаралар жүзеге асырылады. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды. 2021 және 2023 жылдардың аралығында бұл көрсеткіштің мәні 4,9 пайыз деңгейінде қамтамасыз етіліп, одан әрі мақсатты индикаторға дейін қысқартылады», - деді Үкімет басшысы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» Сайлау бағдарламасын орындаудың Жол картасын талқылау барысында.

Оның атап өтуінше, алдағы 5 жылдың ішінде жұмыссыз жүрген 130 мың адам еңбек нарығында қажетті дағдыларды онлайн форматта оқиды. 2021 жылы мұндай мүмкіндік 5 мың адамға беріліп, жыл сайын оның қатары кеңейіп, 2023 жылға қарай 35 мың адамға жеткізіледі Жұмыспен қамтуыдың белсенді формасымен жыл сайын кемінде 700 мың адам қамтылады. 

«ІТ-саласында шамамен 100 мың, туризм саласында 170 мың жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл шаруашылығында 500 мың адам жұмыспен қамтылады», - деді Асқар Мамин.