Фото: gov.kz
Алматы облысының Қарасай және Ұйғыр аудандарында полиция қызметкерлері екі қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу барысында олардың әрекеті алдын ала мұқият жоспарланғаны белгілі болды. Күдіктілер далада қараусыз жайылып жүрген малды таңдап, оны жақын маңдағы тасжолдарға қарай айдап апарған. Сол жерде күтіп тұрған жүк көлігіне тиеп, кейін ұрланған малды көршілес аудандарға жеткізіп, жергілікті тұрғындарға өткізіп отырған.
Қазіргі уақытта ұсталғандардың 7 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған 69 бас ұсақ малды, сондай-ақ шамамен 20 миллион теңге тұратын 43 бас ірі қараны ұрлауға қатысы бары дәлелденді. Барлық күдіктілер қамауға алынды.
"Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мал ұрлағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін қауіпсіздік мәселесені ерекше назар аударуға шақырамыз: малды таңбалау жұмыстарын жүргізіп, мүмкіндігінше жайылымды бақылауды қамтамасыз ету қажет", - деді ІІМ.
