04 мам, 2026 сағат 11:07

Шымкентте «жалған тергеуші» кәсіпкерден 25 млн теңге жымқырды


Фото: ҚР ҚМА баспасөз қызметі


Шымкентте өзін экономикалық тергеп-тексеру қызметінің қызметкері ретінде таныстырған алаяқ ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің қалалық департаменті хабарлады.


Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың қыркүйегінде күдікті өзін ресми қызметкер ретінде таныстырып, жергілікті компания басшысын алдап соққан. Ол медициналық мекемені тексерілетін субъектілер тізімінен шығарып беруге ықпал етемін деген сылтаумен кәсіпкерден 25 миллион теңге алған.


Қазіргі таңда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.


Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақ болуға, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.