Фото: ашық дереккөз
Болливудтың аты аңызға айналған актері Дхармендра 89 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол Мумбай қаласында, денсаулығы нашарлаған кезеңнен кейін дүние салған. Қараша айында Breach Candy ауруханасында ем қабылдап, үйіне қайтқанымен, жағдайы қайта күрт нашарлаған. Актердің үйінде жедел жәрдем қызметі жұмыс істеп, көп ұзамай қайғылы хабар расталды.
Қоштасу рәсімі Мумбайдағы Джуху ауданында орналасқан Pawan Hans крематорийінде өтті. Ұлы актерді соңғы сапарға шығарып салуға үнді киносының ондаған жұлдызы келді: Амитабх Баччан мен оның ұлы Абхишек, Салман Хан, Аамир Хан, Санджай Датт, Каджол, Анил Капур және басқа да танымал тұлғалар. Атмосфера аса ауыр болды — әріптестері де, жанкүйерлері де Дхармендраның қазасына терең қайғырып, таңертеңнен оның үйінің алдына жиналды.
Актердің өмірден өтуі Үндістанда мемлекеттік деңгейде де үлкен резонанс тудырды. Премьер-министр Нарендра Моди көңіл айтып, Дхармендраның қазасын «ел үшін орасан зор қайғы және тұтас бір кинематографиялық дәуірдің аяқталуы» деп атады. Үндістан Президенті Драупади Мурму да оның өнерге қосқан үлесі өлшеусіз екенін айтты.
Болливуд жұлдыздары әлеуметтік желілерде актер туралы жылы лебіз қалдыруда:
– Каран Джохар «тұтас бір дәуір аяқталды» деп жазып, Дхармендраның шынайы, жомарт әрі мейірімді адам болғанын атап өтті.
– Көптеген әріптестері оның тек аңызға айналған актер ғана емес, сондай-ақ индустриядағы ең жылы жүзді, ашық әрі адамгершілігі жоғары тұлға болғанын айтады.
– Гиппи Гревал оны «өміріндегі ең шынайы әрі дана адамдардың бірі» деп сипаттады.
Дхармендра өз артында ондаған қайталанбас рөлдер мен кино тарихында өшпес із қалдырды.
