16 ақп, 2022 сағат 13:10

Абаев Әуезов театры мен Өнер академиясының жағдайына алаңдаушылық білдірді


ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір республикалық мәдениет ұйымдары ғимараттарының техникалық жағдайы төмен. 

Оған өзім куә болдым. Өздеріңіз де хабардар шығарсыздар, біз қазір министрлікке қарасты барлық ұйымдарды аралап жүрміз. Басты мақсатымыз – жағдайға толыққанды қанығып, проблеманың бәрін айқындау. Содан кейін осы мәселелерді ретімен шешу жоспарын жасаймыз», - деген министр жағдайы нашар бірнеше нысанға жеке тоқталды.

«Бүгінде Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толықтай қалпына келтіруді қажет етеді. 40 жылда ғимаратқа бір де бір рет күрделі жөндеу жасалмаған. Сондықтан театр өзінің ғасырлық тойын жөнделген ғимаратта қарсы алуға лайықты деп ойлаймын.

Сонымен қатар Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бас корпусы да айтарлықтай ескірген. Арнаулы аудиториялар, тәжірибе сабақтарына арналған павильондар, жатақханада орындар жетіспейді.

Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы мен Республикалық академиялық неміс драма театры да жөндеуді қажет етеді», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, ол салаға жетекшілік ететін орынбасарына 35 мәдениет нысанының құрылысын және 265 нысанның жөнделуін бақылауға алуды тапсырды.