22 қыр, 2025 сағат 17:04

«Абай арманы» қазақ сахнасында: француз композиторының туындысы Астанада орындалды

Фото: «Қазақконцерт»

Астана қаласында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцертте» француз композиторы Пьер Тиллуаның «LE SONGE D'ABAÏ» («Абай арманы») атты ерекше шығармасының Қазақстандағы тұсаукесері өтті. Ult.kz тілшісі концертті тамашалап қайтты.

Концерт бастала салысымен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің әрбір аспабынан шыққан әрбір нотаны австриялық дирижер Мария Бенюмова таяқшасының ұшымен түртіп, көрерменнің жүргенідегі сезімдерін оята бастады. Бұл оркестр мен тыңдарман арасында музыка тіліндегі байланыс орнауына септігін тигізіп, «Қазақконцерт» залында қалықтаған музыка дереу тыңдарман жүрегіне қонып отырды.

Концерттік бағдарламада Пьер Тиллуаның «Абай арманы» атты шығармасынан бөлек, Габриэль Форе «Маски мен Бергамаски» сюитасынан Увертюра мен Гавот, оп. 112, Феликс Мендельсон 4 симфония, ля мажор, оп.90, Арман Жайым «Кероғлы», Илья Башкатовтың өңдеуіндегі «Ән шашу» шығармалары орындалды.

Батыс әуені мен қазақтың қоңыр үнін байланыстырған музыканттар Абайды жаңаша бейнеледі деуге болады.


Фото: «Қазақконцерт»

Австриялық дирижер Мария Бенюмова тікелей композщитордің өзімен жұмыс істеу тәжібибесі бұйырғанын айтады.

«Мен үшін композитордың өзімен тікелей жұмыс істеу және өз тарапымнан идеяларымды қосу, Пьермен ол туралы ақылдасу үлкен мәртебе. Сосын әрине шығарма орындау кезінде өседі. Қазақстан үшін шығарманы қоюға біз Красноярскіде дайындалдық. Сахнада орындалған шығарма менің миымда жетіліп, толысқан түрі», ‒ дейді Мария Бенюмова.


Айта кетейік, белгілі композитор «LE SONGE D'ABAÏ» («Абай арманы») атты шығарманы FORTE TRIO мемлекеттік триосына арнайы жазған. Оның тұсаукесері алғаш рет 2023 жылы Францияда өтті. Аталған композиция ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай рухани отаны - қазақ топырағында қайта жаңғырып, Абайға арналған музыкалық тағзым ретінде көрерменге жол тартты.


Фото: «Қазақконцерт»

«Біздің жақын досымыз, франциялық танымал композитор Пьер Тиллуа FORTE TRIO мемлекеттік триосына бұл шығарманы арнайы жазды. Әрине Абай әділеттілік, халықтың керемет тұрмысы жайлы, білімді, салиқалы ұрпақ жайлы армандады. Менің ойымша қазіргі кезде философтың арманы жүзеге асып жатыр. Абай есімі Қазақстаннан алыстағы елдерге де мәлім екеніне осы Пьер Тиллуаның шығармасы дәлел бола алады.
Пьер Тиллуа Қазақстанға келгенде біздің елдің сұлулығы мен байлығына ғана емес, мәдениеті мен өнеріне де тамсанып, таңқалған. Әрине осы ретте ол Абай тақырыбын айналып өте алмады. Сөйтіп композитор «Абай арманы» деген жаңа шығарма жазуды шешкен», ‒ дейді «FORTE TRIO» мемлекеттік триосының негізін салушы және көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тимур Урманчеев.


Шығарманың басында француз композиторы Абайды өз үнінде жеткізгенін естігенде бізге таңсық сезімдер келгені рас. Дегенмен Абайдың кеңдігіне, тереңдігіне бойлауға әркімнің қақысы бар екенін де білеміз. Себебі «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген де сол Абай.

Алайда арасында таныс ноталар да жоқ емес. Шығарма бірте-бірте өзіне баурап, адам баласына ортақ сезімдер көңілге орала бастайды. Музыканы тыңдап отырып, іште сүйіспеншілік, арпалыс, махаббат, мұң мен қуаныш кезек-кезек оянып, кей тұстарына келгенде отырған орындыққа сыймай кетекендей күй кешесің. Ішіңда бір тал шыбық пайда болғандай болады да, ол өсіп-өніп, жапырақтары жайқалған алып бәйтерекке айналады. Бір уақытта мамыражай, шуақты сезім кешіп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын кезге» музыка өзі жетелеп алып келгендей болады. «Абай арманы» осы шығар деген ойға қаласың.



Фото: «Қазақконцерт»

Бұдан кейін шығармаларды шебер орындаған FORTE TRIO мемлекеттік трио ансамблі және оның құрамындағы белгілі пианист, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев скрипкашы Мақсат Жүсіпов, виолончелист Мұрат Нарбеков және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі мен австриялық дирижер Мария Бенюмоваға қошемет көрсетіп, алғыс айту ғана қалады.


Фото: «Қазақконцерт»

«Абай арманы» шығармасы классикалық музыканың философиялық мазмұнын береді. FORTE TRIO мемлекеттік трио ансамблі мен Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, Австриядан шақырылған дирижер Мария Бенюмованың басқаруымен сахнада орындалатын шығарма арқылы сиқыр мен терең монолог орнайды. Бұл жоба ұлттық құндылықтармен астасып жатқанын да айта кету керек. Сондай-ақ бұл ақын рухын оятатындай және терең ойын түсіндіретіндей музыканың ғаламат күші бар туынды», дейді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы директорының міндетін атқарушы Альтаир Қожахметов.


Балжан Жеңісқызы