Фото: Абай ауданы әкімдігі
Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданы Қарауыл ауылы маңындағы Қарауылтөбеде «Абай елі» стелласы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Берік Уәли мен аудан ақсақалдары қатысты. Мерейтой қарсаңында нысанға апарар баспалдақ салынып, аумақ абаттандырылды.
Төрт тұғырдан тұратын стелла терең мағыналы бейнелермен безендірілген:
-
Қауырсын қалам – «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» ұғымын білдіреді.
-
Қалқан – ел қорғаған батырлар мен бүгінгі ерлердің айбыны.
-
Домбыра – Абайдың жан дүниесі мен әнінің өзегі.
-
Ақ бесік – ұлыларды дүниеге әкелген киелі ұғым.
Ескерткіштің ең биік бөлігі – ғаламшар мен оны айнала қалықтаған қарлығаш, тыныштық пен тұрақтылықтың символы.
Жоба аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен жүзеге асып, авторы мүсінші Нұрбол Қалиев болды.
«Елдің бірлігі арқасында республикалық деңгейдегі тойды лайықты өткіздік. Басқа облыстардан келген делегациялар да қолдау көрсетіп, бір-бір нысан салып бермек. Абай елі – ақындар елі, батырлар елі. Бүгін Қарауылда соның мәні терең ашылды», – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Жаңа стелла Қарауылдың көркін ашып, қонақтарға ауылдың сұлулығын биіктен тамашалауға мүмкіндік беретін жаңа туристік нысанға айналмақ.
