23 сәу, 2026 сағат 15:21

Абай облысында жалған құжатпен 250 млн теңге несие рәсімделген


Фото: ашық дереккөз


Абай облысында агробизнес саласын қолдауға бағытталған ірі көлемдегі қаржының жымқырылу дерегі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды Ult.kz.


Тергеу мәліметінше, «Агробизнес» бағдарламасы аясында фермерлерге арналған жеңілдетілген несиелерді шаруа қожалығының басшысы заңсыз жолмен иемденген.


Атап айтқанда, «Ықыбай» шаруа қожалығының жетекшісі жалған құжаттар тапсырып, ірі қара мал сатып алу мақсатында жалпы сомасы 250 миллион теңгеден асатын екі несие рәсімдеген.


Алайда қаржы ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсалмаған. Құжаттарда көрсетілген мал да, кепілге қойылған мүлік те іс жүзінде болмаған. Қаражат жеке мақсаттарға пайдаланылған. Нәтижесінде мемлекетке 211 миллион теңге көлемінде залал келген, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.


Тергеу барысында күдікті келтірілген шығынды толық өтеген. Қазір оған қатысты елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып отыр.


Қылмыстық іс сотқа жолданды.