23 сәу, 2026 сағат 17:33

Шекарадан жасырын өткізген: Жамбылда заңсыз көші-қон арнасын құрған топ ұсталды


Фото: Polisia.kz


Жамбыл облысында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырды деген күдікпен қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.


Жедел-іздестіру шаралары барысында Жамбыл облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы ҰҚК Шекара қызметінің жедел бөлімшелерімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен арнайы операция жүргізген. Нәтижесінде Алматы облысы мен Меркі ауданының тұрғындары қолға түсті.


Тінту кезінде күдіктілерден шетел азаматтарының фотосуреттері, төлқұжаттары, ұялы телефондар, банк карталары және 1 миллион теңгеден астам қаражат тәркіленді. Сонымен қатар, олардың Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге көмектескен көрші ел азаматтарымен байланысы анықталған.


Тергеу мәліметінше, топ мүшелері өз әрекеттерін алдын ала келісіп жүзеге асырған. Олар заңсыз схеманы жасыру үшін ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды сылтау етіп, шетел азаматтарын шекарадан жасырын өткізуді ұйымдастырған.


Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабының 2-бөлігі (заңсыз көші-қонды ұйымдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жалғасып жатыр.