Фото: ашық дереккөз
Ақмола облысында жоғалып кеткен 76 жастағы зейнеткер Владимир Громовтың денесі табылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ult.kz.
Зейнеткер 18 сәуір күні өзі тұратын “Үміт Шаңырақ” қарттар мен мүгедектерге арналған пансионаттан шығып кеткен. Ол соңғы рет жеңіл киіммен Қызыл Яр ауылы бағытына қарай кетіп бара жатқан жерінен бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Оны іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Іздеу екі күнге созылып, 20 сәуір күні кешке оның мәйіті табылды.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Қазіргі уақытта қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
