02 жел, 2021 сағат 13:26

"Абайдың қара сөздері" фильмінің түсірілімі аяқталды


Он бес сериялы "Абайдың қара сөздері" фильмінің түсірілімі аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Фильм он бес астарлы әңгіме мен философиялық трактаттан тұрады. Киножобада қазақтың ұлы ақыны-реформатор әрі философының іргелі туындысының мызғымас құндылығын жаңаша ашатын күрделі режиссерлік шешімдер қолданылған.

Басты кейіпкерлерді Айдос Бектемір, Жан Байжанбаев, Ерік Жолжақсынов, Бахтияр Қожа, Тәуекел Мүсілім, Индира Меңдібаева, Жайдарбек Күнғожинов және басқалар сомдады.


Телерадиокешеннің бас директоры Раушан Қажыбаеваның айтуынша, "Қара сөздерде" қазақ халқының ұлттық тәрбиесі мен дүниетанымы, адамгершілік және моральдық негіздері, тарихи мәселелер көтеріледі. Ол ұлы Абайдың  нақыл сөздері мен өсиеттері бүгінгі күні де өзекті екеніне тоқталды.

"Біздің жұмысымыз қазақ әдебиетінің классигі, ақын, қоғам қайраткері және XIX ғасырдағы ұлы ағартушының жарқын мұрасы "Қара сөздерді" насихаттауға үлес қосады деп үміттенеміз", – деді Қажыбаева.

Көркем киножобаның түсірілімі Алматы қаласы мен Алматы облысының түрлі аймағында өтті.


Қазіргі уақытта графикалық жұмыстар мен түстерді түзетудің соңғы сәттері жүріп жатыр. Фильм қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсірілген. Көркем киножоба ашық түрде интернет-платформаларда жарияланып, әлемдік телеарналарда көрсетіледі.

Абайдың 175 жылдығына арналған киножобаны президент телерадиокешені мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" қолдауымен әзірледі.