10 қаз, 2025 сағат 11:23

Әбу Сәрсенбаевтың 120 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Фото: Gov.kz

ҚР Ұлттық кітапханасында  көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Әдеби кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, қаламгер қауым, әдебиеттанушы ғалымдар, оқырмандар мен ақынның туыстары қатысты. Кеш барысында қонақтар Әбу Сәрсенбаевтың кітаптары қойылған көрмені тамашалады.

Кешті ҚР Ұлттық кітапхана директоры  Ғазиза Нұрғалиева ашып беріп, «қазақ әдебиетінің Айвазовскийі» атанған ақынның шығармашылығына тоқталды.

Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, теңіз жыршысы атанған, шығармашылық тағдыры халқының тағдырымен өрілген тұлғаның болмысына тереңірек үңілді:

- Біздің ұрпақтың бағы — біз Әбу ағаны көрдік. Әбу аға – жай ғана үлкен жазушы емес, адамгершіліктің, қарапайымдылықтың, мейірім мен парасаттың бейнесі еді. Ол көптеген жас қаламгерге қамқор болып, олардың бойына сенім ұялатты, шығармашылыққа бағыт-бағдар берді. Әрқайсысына өзінің туған баласындай қарап, өмірлік үлгі көрсетті. Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» секілді романдары Каспий теңізінің толқындары мен теңізші өмірінің қилы сәттерін шынайы суреттеген бірегей туындылар. Теңіз табиғатын, балықшылардың бейнеті мен ерлігін, адам мен табиғаттың мәңгі арпалысын ол шындықтың шыңынан көрсетті. Жазушының өзі де сол теңіздің ұлы еді. Жеті жасында жетім қалып, он жасында Каспийге «қазаншы бала» болып аттанған Әбу аға өмірдің дүлей дауылын да, тіршіліктің суық толқынын да ержүрек жүрегімен еңсерді. Сондықтан оның қаламынан туған әрбір сурет – теңіздің өз дауысы, толқынның өз үні іспетті, - деді Қ. Бегманов.


Сонымен қатар, еске алу кешінде ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жұмабай  Құлиев, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Бисенғалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тілепов, жазушылар  Заря Жұманова мен Нұрлан Қами, ақынның жерлесі, филология ғылымдарының докторы Сансызбай Мәдиев, ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты Талап Қараш, ақынның туыстары Мадина Манаева мен Кенішбек Сұлтанбеков Әбу Сәрсенбаев туралы естеліктерін айтып, әдеби туындылаыр туралы өз көзқарастары мен ойларын ортаға салды.

Бұған қоса, кеште Әбу Сәрсенбаев туралы түсірілген «Толқында туған абыз ақын» атты деректі фильм көрсетіліп, Әбу Сәрсенбаевтың қызы Райхан Сәрсенбаеваның «Сен құрметте оны» кітабының тұсаукесері өтті.