
Бүгін «ADAL» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Қазақстан халқының ұсыныс-тілектері, партияның үгіт-насихат жұмыстарының аралық нәтижелері туралы, сондай-ақ Қазақстанның жаңа Экологиялық кодексінде көрсетілген маңызды өзгерістер туралы айтты.
Партияның саяси кеңесінің мүшесі, кандидат Олжас Ордабаев партия жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының кейбір нәтижелері туралы хабарлады.
- Бүгінгі күні еліміздің барлық аймақтарында партия мүшелері халықпен 4216 кездесу өткізді, оларға 95 мың адам қатысты. Партияға мүше болуға 200 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл азаматтардың сенім білдіргенін, "ADAL" сайлауалды бағдарламасын қолдағанын білдіреді, - деді Олжас Ордабаев.
Тұрғындар көтерген проблемалық мәселелер туралы айта отырып, ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелердің өзектілігін атап өтті. «Көптеген адамдар үшін үйде газдың, тұрақты ауыз судың болуы - арман», - деді кандидат.
Оның айтуынша, тұрғындардың елді мекендерінің негізгі проблемаларына жұмыссыздық, баспана жетіспеушілігі, азық-түлік бағасының өсуі және жолдың нашарлығы жатады.
«Әрбір проблемалық мәселе бекітіліп, ол бойынша жұмыс істеледі», - деп сендірді Олжас Ордабаев.
«ADAL» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат, Тәжірибелі экологтар қауымдастығының төрағасы Лаура Маликова ҚР жаңа Экологиялық кодексі туралы айтты. Бұл «ADAL» партиясының Instagram парақшасындағы тікелей эфир кезінде сөз болды.
Айта кетейік, Л. Маликова — жұмыс тобының мүшесі ретінде заң жобасын қарауға қатысқандардың бірі. Жаңа Экологиялық кодекс осы жұмыс тобының ұсыныстары негізінде және Еуропалық Одақтың тәжірибесін ескере отырып әзірленді. Өйткені, бұл тәжірибе бірқатар елдерде атмосфераға шығарындылар көлемінің нақты айтарлықтай азаюын көрсететіндігімен ерекшеленеді.
«Экологиялық мәселелер - ең маңыздылардың бірі! Бұған біздің халықпен кездесулеріміз, талдауымыз дәлел. Мысалы, тек Өскеменнің өзінде 8000-нан астам отбасы экологиялық жағдайды жақсарту мәселесі ең маңызды екенін атап өтті», - деді Лаура Маликова.
Оның айтуынша, жаңа кодекс ауыз судың сапасын жақсартуға, өнеркәсіптік кәсіпорындардан атмосфераға шығарындыларды азайтуға, ауаны, қоршаған ортаны тазартуға, сонымен қатар, тұрғындар арасында аурушаңдықты азайтуға көмектеседі. Бұл құжат, спикер атап өткендей, "жасыл" технологиялардың дамуына серпін береді.
Жалпы, эколог еліміздегі экологияны жақсарту «ADAL» партиясының сайлауалды бағдарламасының басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Айта кетейік, 2013 жылы Қазақстанда «Бірлік» саяси партиясы құрылды. Партия төрағасы - Серік Сұлтанғали.
2020 жылдың 5 қарашасында «Бірлік» өз атауын «ADAL» деп өзгертті (қаз. «Адал» - «адалдық»).
