25 жел, 2020 сағат 01:11

Әдеби жыл қорытындысына арналған онлайн конференция өтті

Бүгін Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 2019 жылғы әдеби жыл қорытындысына арналған онлайн конференция өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Zoom форматында өткен конференцияны көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет кіріспе сөзімен бастады. Төраға Жазушылар одағының бір жыл ішінде атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
100-ге жуық ақын-жазушылардың басын қосқан іс-шараның модераторы белгілі ақын, филология ғ.д. профессор, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып болды. Төрағаның орынбасарлары Ақберен Елгезек пен Мереке Құлкенов те аталған іс-шараға белсене қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағының жанрлық кеңестері бойынша:
Поэзия кеңесінен – ақын Ерлан Жүніс;
Проза кеңесінен – жазушы Әбділдабек Салықбай;
Балалар әдебиетінен – жазушы Ділдар Мамырбаева;
Орыс әдебиетінен – әдебиет зерттеушісі Светлана Ананьева;
Әдеби сын – әдебиет зерттеушісі Айгүл Ісмақова;
Деректі проза – жазушы Талғат Айтбайұлы;
Драматургия – театртанушы Аманкелді Мұқан;
Фантастика – жазушы Нәрбин Кенжеғұлова
Сатира – сатирик Ермахан Шайхы;
Ұйғыр әдебиетінен – жазушы, ақын Авут Масимов баяндама жасады.
Түрлі жанр бойынша әрқилы проблема көтерген мазмұнды баяндамалардан кейін жарыссөзде сөз алған Мереке Құлкенов Жазушылар одағының алдағы айлардағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар, Алматы облыстық филиалының директоры Әміре Әрін, Қостанай облыстық филиалының директоры Жанұзақ Аязбеков сөз сөйлеп, баяндамаларға қатысты пікір білдірді.
Онлайн конференция ҚЖО Төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің қорытынды сөзімен аяқталды. Конференция соңынан 2019 жыл қорытындысы бойынша Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған жүлдегерлердің есімі хабарланды.
Әдеби жыл қорытындысында оқылған баяндамаларды «Қазақ әдебиеті» газетінің алдағы сандарынан оқи аласыздар.