06 қаз, 2022 сағат 17:44

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энни Эрноға берілді


Швеция Корольдік Ғылым академиясы 2022 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын табыстады. Сыйлық француз жазушысы Энни Эрноға берілді. Жеңімпаз туралы хабарландыру Нобель комитетінің сайтында жазылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Massaget.kz порталына сілтеме жасап.

Жазушы «адам жанын ашқан батылдығы үшін марапатталды», - делінген хабарламада.

Энни Дюшен Эрно – 1940 жылы 1 қыркүйекте Лиллебонда дүниеге келген. Ол балалық шағын Нормандияда, Ивтода өткізді. Бұл жерде  ата-анасы шағын дәмхана ұстады. Руан университетін бітіргеннен кейін ол бастауыш және орта мектептерде (Анси-ле-Вьеде және Понтуада) әдебиеттен сабақ берді, содан кейін қашықтықтан оқытуға көшті.

Эрноның алғашқы романы Les Armoires vides 1974 жылы жарық көрді. Онда жазушының кейінгі шығармашылығына да тән өмірбаяндық мотивтер бар. Қаламгердің барлық романы қандай да бір түрде оның өмірбаянының нақты эпизодтарын көрсетеді. Эрно шығармаларында балалық шағын, әлеуметтік мансабын, неке және ана болу, өзінің жыныстық қатынасының ашылуы, түсік тастау, сүт безінің қатерлі ісігі, анасының ауруы және өлімі туралы жазады. Жазушының өзі айтқандай, ол дәстүрлі жанрлар аясында шығарма жасауды емес, өзін-өзі көрсетудің жаңа формасын іздеуді жөн көреді. Оның шығармаларының көпшілігі Gallimard баспасында жарық көрді.

Энни Эрно бірқатар әдеби сыйлықтың иегері: Рено сыйлығының (1984, «Ла-Плас» романы), Маргерит Дюрас сыйлығының (2008, «Анние»), Франсуа Мориак сыйлығының (2008, «Анние»).

2014 жылдан бастап жазушы Серджи-Понтуа университетінің құрметті докторы атанған.

Сондай-ақ, бір күн бұрын химия саласы бойынша Нобель сыйлығы даниялық Мортен Мелдал және америкалық ғалымдар – Кэролайн Бертозци мен Барри Шарплесске химия әдістерін әзірлегені үшін берілді. Физика бойынша Нобель сыйлығын француз Ален Аспе, американдық Джон Клаузер және аустриялық Антон Цайлингер кванттық механикадағы зерттеулері үшін алды. Ал Швед биологы Сванте Паабо адам эволюциясын зерттегені үшін медицина және физиология саласындағы сыйлықты иеленді.

Жұма, 7 қазанда Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты белгілі болады.

Айта кетейік, 2021 жылы британдық тегі танзаниялық жазушы Абдулразак Гурна әдебиет бойынша Нобель сыйлығын иеленді. Ол бұл сыйлықты «отаршылдықтың салдары мен босқындар тағдырын ымырасыз және жанашырлықпен зерттегені үшін» алған. 2020 жылғы Нобель сыйлығы америкалық ақын Луиза Глюкке берілді.